Ақтоғай

Тұрақтылық – қоғам негізі

     Ілгерілеу мен даму – біздің еліміздің бүгінгі күні ұстанып отырған берік бағыты.Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауы жұртшылық арасында кезекті серпіліс тудырған, бүгінгі атқарылып жатқан істердің баяндылығын бекемдейтін және ертеңгі күнге кәміл сенім тудыратын маңызды еңбек.

Жолдау талаптарын насихаттау үшін аудан әкімінің жанынан құрылған ақпараттық-насихат тобы бүгінде әр өңірдің тұрғындарымен жүйелі кездесулер өткізіп жүр. Күні кеше аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Аманжолов бастаған ақпараттық топ. Нүркен, Сарытерек ауылдарында болып, тұрғындармен, мектеп оқушыларымен жүздесті.

Қос ауылда өткен келелі кеңесте А.Аманжолов Елбасы Жолдауының басым бағыттарына шолу жасап, ауданда жүріп жатқан жастар саясатының орындалу барысы, бүгінгі діни ахуал туралы баяндады. Әсіресе қоғамдық сипатқа ие болып отырған кейбір теріс ағымдардың іс-әрекетінен сабақ алатын кездің жеткенін, осы қайшылықтарды еңсерудің жолы – дәстүрлі ұлттық тәрбиеде жатқанын атап өтті. Діни насихат тек мешіттерде ғана жүруі тиіс екендігін, сонымен қатар, дәстүрлі исламның басты құндылықтары жайлы сөз етті.

Топ мүшесі, ауданның бас имамы А.Түкетаев қазіргі кезде қоғамда өте өзекті мәселе болып отырған деструктивті діни топтардың қауіптілігі жайында сөз қозғады.

Дін мәселесі өте нәзік тақырып. Әсіресе, оңы мен солын жете танып-білмеген өрімдей жастардың діни көзқарастарын қалыптастыру, оларға салиқалы әрі салмақты түрде түсінік беру тек сала мамандарының ғана қолынан келетіні сөзсіз. Өйткені, алмақтың да салмағы бар демекші, үстірт немесе теріс мәлімет алған жастардың жат ағымның жетегіне еріп кете беруі ғажап емес – дей келе, діни тұрғыдан қоғамға төндіретін қауіпті әрекеттердің алдын алу жолдарына тереңірек тоқталып, дәстүрлі емес діни ағымдардан алданғандардың өмірлерінен нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ, бас имам өз сөзінде соқыр сенім жетегінде кеткен фанатқа айналмас үшін, ең алдымен діни сауаты төмен, есік торуылдаған ұстазсымақтардан емес, арнайы білімді имам-молдалардан үйренген жөн. Қазір көшеде кез келген кісіге кітапша мен журнал ұсынып жүргендердің дәстүрлі дінге еш қатысы жоқ. Сектанттар өздерінің жымысқы әрекетін ғаламтор арқылы жүргізуден де әсте шаршамайды. Жастар осындайлардан мейлінше бойларын аулақ ұстағандары абзал, – деді.

Кездесу барысында мектеп оқушылары, ауыл жастары көкейлерінде жүрген хиджаб кию, орамал тағу, намаз оқу, исламның түрлі бағыттары туралы сұрақтарына тұщымды жауаптар алды. Келелі бас қосуда сөз алған Сарытерек ауылының тұрғыны Қ.Досмақов өткізіліп отырған шараның мән-маңыздылығына тоқталып, ауыл ақсақалдары атынан алғысын білдірді.

Думан Қабыл.

Ақтоғай ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button