Медицина

Тұлғаны ардақтап, сала жетістігін салмақтады

Облысқа танымал жоғары санатты дәрігер-микрохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, білімі мен біліктілігі жоғары ғалым 64 ғылыми жұмыс пен монографияның авторы Ғабдулмәжит Мамалиновтің есімі ел есінде. Қарағанды медицина университетінде соңына өшпес із қалдырған медицина майталманын еске алуға арналған «ХХІ ғасыр хирургиясындағы инновациялар» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Қарағанды медицина университетінің хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, «Қазақстандық хирургтар қоғамы» Қарағанды филиалының төрағасы Қ.Шакеев, Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Сургут мемлекеттік университетінің хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры В.Дарвин, Алматы қаласындағы көпсалалы ауруханасының директоры, профессор Ж.Исмаилов шараны құттықтау сөзбен ашты. Хирургтардың біліктілігін шыңдайтын конференцияда шеберлік сағаты өтті.

Хирургиялық бейіндегі ауруларды жедел емдеудің жолы, инновациялық технологияларды оқыту әрі әдістерін үйрету мақсатында операциялық залдардан тікелей трансляция жүргізілді. Қалқанша безіне эндоскопиялық операция, колоректальды хирургиядағы лазерлік технология, морбидті семіздік хирургиясындағы жаңа әдістер, өт жолындағы тастарды алу жолы, диафрагматикалық грыжаны жою, бүйректегі тасты зақым келтірмей алу секілді емдеудің жаңа технологиялары көрсетілді.

Отандық медицинадағы озық деген ота түрлері көрсетіліп, жасалу жолдары, тиімділігі айтылды. Отандық және халықаралық ғалымдар бас қосқан конференцияның негізгі мақсаты – заманауи және тиімділігі жоғары денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру. Денсаулық сақтау саласында бәсекелестікке қол жеткізу үшін қоғамдық денсаулық сақтаудың барлық деңгейіне тиімді менеджмент енгізу, соның ішінде жаңа медициналық технологияларды жасау мен практикаға енгізу. Жоғары сапалы ғылыми-зерттеулер мен инновацияларды хирургия саласына енгізе отырып, тұрғындардың денсаулық жағдайларын жақсарту.

Шараны ұйымдастырушы Қарағанды медицина университеті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Қазақстан хирургтар қоғамының Қарағанды филиалының да көздегені хирургия саласындағы жетістіктерді жария ету, кемшін тұстарын бірлесе отырып талқылау, мінсіз сапалы қызмет көрсетуде өзара тәжірибе алмасу. Конференция барысында қатысушылар бұл үдеден шыға білді.

Медициналық білім, ғылым және тәжірибе интеграциясының жеткіліксіздігі, практикалық денсаулық сақтау саласының жоғары білікті мамандарын білім беру үдерісіне тарту белсенділігінің төмендігін шешудің нақты қадамдары, ғылыми оқу кластерін дамыту, медициналық білім беру сапасын арттыру, көпсалалы ғылыми-зерттеу орталықтарын құру және клиникалық медицинаға ғылыми жетістіктерді енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Клиникалық хирургияға ғылыми негізделген әдістерді енгізе отырып, тәжірибеде жоғары технологиялардың тиімділігін көрсету, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру, емдеу-профилактикалық жұмыстарының сапасын жақсарту жайы қозғалды. Хирургиядағы, микрохирургиядағы және ангиологиядағы инновациялық технологиялар, клиникалық медицинада зерттеудің жоғары ақпараттық әдістері мен емдеудің инновациялық технологияларын енгізу, хирургиялық бейіндегі пациенттерді емдеу сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Ол үшін мамандардың білімі мен біліктілігін жетілдіру керек деген ұсыныстар да көтерілді.

Клиникалық практикадағы қателер мен қауіптер мәселесі де өзекті. Медициналық қателерді болдырмау мен алдын алу маңызды. Медицина мамандарының білімі мен біліктілігі сыналатын салада мамандар тапшылығы да туындауда.

Конференцияда «Созылмалы панкреатитті хирургиялық емдеу: көрсеткіштер, операция көлемін таңдау», «Қол жарақаттарының микрохирургиясының заманауи аспектілері», «Колоректальды хирургиядағы инновациялық технологиялар» және тағы да басқа өзекті тақырыптар төңірегінде тұшымды баяндамалар жасалды.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғабдулмәжит Мамалинов туралы ҚМУ-нің хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, «Қазақстандық хирургтар қоғамы» Қарағанды филиалының төрағасы Қайрат Шакеев «Хирург өмірі – шығармашылық» деген тақырыпта естелік баяндама жасады. 1965 жылы Бұқар жырау ауданында теміржолшылар отбасында дүниеге келген ғалымның дәрігер болу бала күнгі арманы. Жарық жұлдыздай жарқ етіп, айналасына білім-біліктілігімен жақсылықтың нұрын шашқан азаматтың ғұмыры да қысқа болды. Ауруы асқынып, дерті дендеп, дауа іздегендерге арашашы болған білімі мол, қолы алтын, жүрегі жылы, ақ желеңді жан отандық медицина саласының дамуына зор үлес қосты. Үлкен ізденіспен жүріп, биік белестерді бағындырды. Студент кезінде талап-талантымен көзге түсіп, ассистенттіктен ғылым докторы, профессор дәрежесіне дейін көтерілді. Қарағанды облысының көпсалалы емдеу-диагностикалық бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Аймақтағы микрохирургия саласының мықты маманы болды. Оның ғылымға қосқан үлесі – бас ми ауруларын емдеуге қатысты әдісі заманауи хирургияда кеңінен қолданылады. Жасынан еңбекқорлығы, жауапкершілігі хирургиялық ота жасауда тәжірибесін ғылыммен ұштастырды. Осындай елге елеулі, халықтың қалаулысы атанған білікті дәрігердің аз ғана ғұмырында еңбек жолында қалдырған бай мұрасы зерделеніп, әріптестеріне мұра болары сөзсіз.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында білімді маман, білікті дәрігер атанған медицина майталманы, профессор Ғабдулмәжит Мамалиновтің есімі әріптестерінің жүрегінде, шарапатын көрген халықтың есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Сағыныш ӘБІЛ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button