Жаңалықтар

Тұлғалар төрге шыққан жыл

Қоғамды ізгілікке бастайтын сәулелі адамдар болады. Сәулелі адамдар қоғамның игілігіне қызмет етуді қасиетті борышы санайды. Тарихты жасайтын, тыңнан жол салатын – солар. Тұтас көшті алға тартар локомотивке теңеуге болады сондай тұлғаларды. Биыл облыстың ғана емес, тұтас мемлекеттің игілігі жолында қызмет еткен үш тұлға «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын алды. Олар – Екатерина Кузнецова, Камалтин Мұхамеджанов, Диқанбай Биткөзов. Үшеуі де еңбекпен тұғырға шыққандар.

Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Камалтин Мұхамеджанов – есімі елге белгілі Мемлекеттік және саяси қайраткер. 1999 жылы облыс әкімі болып тағайындалып, аймақтың көркеюіне қажыр-қайратын арнаған адам. Арқа жұртының Камалтин Мұхамеджановқа деген құрметі бөлек. Есте қалған әкім болды. Өңірдің өміріне тың серпін, оң әсерін берген талай нысандар бой көтерді әкім болған 7 жыл ішінде. Қолында пәрмен барда халықтың игілігі үшін еңбек еткен мемлекетшіл тұлға биыл облыстың Құрметті азаматы атанды. Бірақ, халқының құрметіне бұрыннан бөленген ел ақсақалы.

Екатерина Кузнецова – ғұмырын жазумен әрлеген адам. Ол – облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің қадірлі ардагері. Кенді аймақтың берекелі тыныс-тіршілігін айшықтаған қаламы қарымды публицист. Қасіретті ҚарЛаг тарихын зерттеген тарихшы деп ауыз толтырып айтуға болады. Себебі, ҚарЛаг тағдыры турасында кітаптар сериясын жарыққа шығарған. Биыл 85 жасқа толды. Әлі күнге дейін жазудан алыстаған жоқ. ҚарЛаг тарихын әлі де архивтерден қотарып келеді. Қазақстанның түпкір-түпкірінен, тіпті, шетелден келген зерттеушілер қауымы дәл осы Екатерина Кузнецовадан бағыт алады. Биыл «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атанды.

Диқанбай Биткөзов – аты аңызға айналған жаттықтырушы. 1984 жылы самбодан әлем чемпионатына барып, алтын алып, жаһан мықтыларын мойындатқан атақты Қанат Байшолақовты баптаған. 1985 жылғы әлем кубогында атой салған Талғат Байшолақовтың жұлдызын жаққан. Самбо мен дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері және әлем кубогының жеңімпазы Сергей Волобуев пен әлем кубогының жеңімпазы, Азия чемпионы Айбатыр Махмұтовқа спорт әліппесін үйреткен. Бір өзі тұтас құрлықты алып жатқан одақтың кезінде бір шаңырақтан екі чемпионды шығару – екінің бірінің қолынан келмесі анық.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button