Құтқарушылар 48 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік алады
Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында құтқарушылардың зейнет жасы төмендейтінін мәлім етті, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

– Құтқарушылардың зейнет жасына келсек, қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге құтқарушыларды азаматтық қызметшілер санатынан азаматтық қорғаныс санатына өткізу мәселесін пысықтап жатыр,- делінген жауапта.
Айтуынша, осының арқасында құтқарушылардың зейнетке шығу жасы қысқармақ.
– Аталған өзгеріс құтқарушыларды әлеуметтік кепілдендіру шараларын жетілдіреді. Оның ішінде еңбек өтілі бойынша (25 жыл) немесе шекті жасқа (48 жас) жетуіне байланысты зейнетке шығуға құқық береді. Сондай-ақ, құқық қорғау органы қызметкерлеріне берілетін өзге де жеңілдіктер ұсынылады, – деп жазады Премьер-Министр.