Сырттағы жеңіс

     «Сарыарқа» ЖХЛ шеңберіндегі 27-ші матчта Ресейдің Саров қаласында «ХК Саров» командасымен кездескен-ді. Жерлестеріміз 1:0 есебімен ұтылып қалды. 20-шы минутта Артем АЛЯЕВ «Сарыарқа» қақпасынан саңылау тапты. Есесіне, сырттағы келесі ойында қарағындылықтар жеңіс туын желбіретті.

30 қарашада «Сарыарқа» Волжскіде жергілікті «Ариада НХ» клубымен күш сынасты. Біздің жігіттер мықты шықты.

Матчтағы алғашқы шайба 1-ші минутта соғылды. «Сарыарқалық» Мажуга небары 34-ші секундта есеп ашты. 0:1. 14-ші минутта Желнеровский есепті еселеді. 0:2. Бұдан кейін Лихотников таблодағы көрсеткішті 0:3-ке жеткізді. Арада он екі минут өте Алишаускас тағы бір мәрте қарағандылықтардың шеберлігін дәлелдеді. 0:4.

«Сарыарқалықтардың» төрт шайбасына қарсыластар бір шайбамен жауап берді. 32-ші минутта «Ариада НХ» сапындағы Гарифуллин қақпашы Костинді қапы қал­дырып, мергендігімен көзге түсті. Сонымен, есеп 1:4. Қарағандылықтар биіктен көрінді.

Вадим ЕПАНЧИНЦЕВ, «Сарыарқа» хоккей клубының бас бапкері:

Алғашқы кезеңде-ақ ойын тағдыры шешілгендей болды. Біздің ойыншылар өз мықтылықтарын айқын танытты. Бірінші кезеңде бірінен кейін бірі үш шайба соқты. Қарсыластарымыздың әлсіз тұстарын әуелден білдік. Қарсылас команданың дені – жастар. Біз тәжірибеміздің арқасында басым түстік.

Волжскідегі жеңістен кейін «Сары­арқа» турнир кестесінде 6-шы сатыға орналасты. Қоржында – 51 ұпай. Ал, осы лигадағы тағы бір қазақстандық ұжым «Торпедо» 3-ші сатыға көтерілді. Өс­ке­мендіктер 30 қарашада біз айтқан «ХК Саровтан» басым түскен еді.

«Сарыарқаның» келесі қарсыласы – «Нефтяник». Ойын кеше Альметьевск қаласында өтті.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.