Су тасқынына дайындық – бүгіннен
Қарағандыда көктемгі су тасқынына дайындық тоқтаған жоқ. Мәселен, жаз бойы қаладағы су ағар жүйелері тазартылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, бүгінге дейін 30 шақырымнан астам учаскі тазаланыпты. Осы және басқа да атқарылған жұмыстар жайында қала әкімі Мейрам Кожухов өзінің Instagram парақшасында баяндап берді.
Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, биыл шамамен 17 шақырым жерге тазалау жұмыстары жүргізіліпті. Оның 8420 метрі жабық жүйе болса, 8690 метрі – арық жүйесі. Одан бөлек, желтоқсан айының соңына дейін тағы 529 метр нөсер суын жинайтын құбырлар орнатылады деп мәлімдеді.
– Су тасқынын алдын алу мақсатында Тәттімбет көшесінің жағынан келетін үлкен су ағымына қарсы даладан айналма арық салу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл арық Таугүл ықшамауданының арғы жағынан өтіп, Жартас каналына құйылады. Бұл су келіп түскен сәтте оны дереу бұрып жіберуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар 70%-ға орындалды, жылдың соңына дейін толық аяқтаймыз, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, Шахтерлер даңғылы бойына қосымша құбырлар салынып жатқандығын жеткізді.
– Тағы бір мәселе туындаған учаскі – Шахтерлер даңғылы бойында, №36/2 үйдің жанындағы қарау камерасынан бастап келетін еріген қар суларын бұру үшін қосымша құбыр салынуда. Бұрын бұл қарау камерасына диаметрі 1200 мм екі құбырмен су келіп, бірақ, бір құбырмен ғана шығарылатын еді. Енді бұл кемшілікті түзетіп, камерадан қосымша құбыр саламыз және ары қарай оны Сарыарқа көшесіндегі Жартас каналына қосамыз.
Университет көшесінде, №78/15, 78/11, 78/19 үйлердің маңында қосымша нөсерлік жүйе орнату жұмыстары жүргізілуде. Мұнда диаметрі 1000 мм болатын 263 метр құбыр салу қарастырылған, – деп жазба қалдырған шаһар басшысы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz