Жаңалықтар

Студенттер салтанаты

    Халықаралық студенттер күні Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Біз – Қазақстанның болашағымыз!» атты аймақтық студенттер форумы өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған форум шеңберінде түрлі шаралар тізбегімен таныс болдық.

ҚарМУ-дың бас ғимаратында ақ таңертең басталған форум кеш бата бірақ тәмамдалды. Келген көпшілік осындағы Студенттер сарайының фойесіне қойылған университет студенттерінің өзін-өзі басқару және жастар ұйымдарының көрмесіне куәгер болды. Ілкі шараның ізі суымай «Студенттік өзін-өзі басқару: мəселелері мен даму перспективалары» атты дөңгелек үстел басталып кетті. Онда Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарында ұйымдасқан студенттік өзін-өзі басқару органдары мен түрлі топтардың көшбасшылары қатысып, баяндамаларымен бөлісіп, пікір алмасты.

Жастардың қоғам мүшесі екендіктерін ұғындыра түсу мақсатында, шара барысында мемлекеттік құрылымдар өкілдері, кəсіпкерлік және волонтерлік қызмет, бұқаралық ақпарат құралдары, театр өнері өкілдерімен студенттер арасында ашық пікір алмасу алаңы өтті. Ашық пікір алаңы бір уақытта бірнеше дəрісханаларда жүріп жатты. Мәселен, Қазыбек би ауданының əкімі Татьяна Шатохина жалынды жастарға ақ тілегін арнап қана қоймай, шеберлік сыныбын ашық сұхбат түрінде өткізуге ұсыныс білдірді. Кезінде Қарағанды мемлекеттік университеті қабырғасында білім алған аудан əкімі мемлекеттік қызмет атқарудағы тəжірибесімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

Театр, сахна өнері саласында С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының актері А.Қырықбаев пен Кеншілер мəдениет сарайының шығармашылық жөніндегі басшының орынбасары, «Наи продакшн» киностудиясы жанынан ашылған актерлік өнерге бағыт беретін Т.Жаманқұлов мектебі Қарағанды қаласындағы филиалының меңгерушісі Эльмира Сайлауқызы ашық əңгіме құрып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, форум барысында «Мəңгілік Ел» патриоттық актісін жүзеге асыру аясында «Күй тартыс» сазды-патриоттық акциясы шара шырайын ашты. Оған университетіміздің күйшілерімен қоса мектеп оқушылары да қатысты. Əр қатысушы бір күйден орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Кешке Студенттер сарайының ұйымдастыруымен «Жас талап – 2016» байқауының жеңімпаздары мен оған белсене қатысқан студенттер марапатталды. «Қош келдің, І курс!» акциясының жабылуы да осы шарада қорытындыланды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button