Қарқаралы

Стратегиялық жаңа бағдар

    Қаңтар айының соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Ұлт көшбасшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауда ел дамуына тың серпін беретін стратегиялық маңызды жаңа бағдар ұсынды. Сол бағдарға сәйкес ел ішінде қызу тіршілік те басталып кетті. Осыған орай, Жолдауға қатысты ауданның тыныс-тіршілігін бағамдау, бағдарлау үшін аудан әкімі Х.Мақсұтовтың қатысуымен актив отырысы өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – Жолдаудағы бес негізгі басымдық таразыланып, сала басшыларына тапсырмалар жүктеу. Әлемдік геосаяси жағдай. Жер шарын шарпыған нарықтық экономика. Бәсекелестік қағидасы. Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс. Бұл жолда мықты экономика, мығым ынтымақ пен жаңашыл индустрия егемен елді өрге сүйреуі тиіс. Елбасының кезекті Жолдауы соған негізделген. Мықты экономика – мығым ел. Экономикалық әлеует күшті болуы үшін индустрия заманауи талапқа сай болуы тиіс. Уақыт жылжыған сайын өндірісті автоматтандыру қажеттілігі туындауда. Бірақ Елбасының бұл жолғы тапсырмасы өнеркәсіптік нысандарды жаңғырту емес, дамыған елдердегідей роботтандыруға бағыттайды. Жалпы, Елбасы Жолдауындағы бес басымдықтан туындайтын міндеттерді тілге тиек еткен аудан басшысы міндеттер мен жүзеге асқан бірқатар жұмыстарды атап өтті. Айталық, бірінші басымдық бойынша білім, денсаулық салаларында, қызмет көрсету бағытында сандық технологияны енгізу міндеттері тұр. Мектептерді жаңа модификациялы кабинеттермен, интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету, сонымен қатар, заманауи талаптарға сай білім беретін мұғалім мамандарды даярлау, жас мамандарға жағдай жасап жұмысқа тарту, кәсіпкерлік саласын жандандыру және осы тапсырмалардың жүзеге асуына қажетті қаражат қарастыру мәселесін нақтылады. Бизнес ортаны түбегейлі жаңғырту деп аталатын басымдық негізінде ауданда Елбасы саясаты бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану арқылы, халықтың әл-ауқатын жақсартуды қолға алу қажеттігі тапсырылды. Кәсіпкерлік саласын дамытуда халық арасында тиісті бағдарламалар бойынша түсіндірме, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, өндіріс өнімінің көлемін ұлғайту мақсатында кәсіпорындардың жоспарларын нақтылап орындалысын қадағалау, ауданға инвесторлар тарту, ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, маңызы бар автокөлік жолдарын күту, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып өтті. Елбасының 2017 жылғы Жолдауындағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек деген тапсырмасына тоқталсақ, бүгінде ауданда үш ауыл шаруашылығы кооперативі ашылды. Мәселен, Егіндібұлақ селосындағы «Балқантау Агро» кооперативінің 26 мүшесі 68,0 млн. теңге несие алып, мал бордақылау алаңын ашуға жұмыс жасауда. Үшінші басымдық қаржы секторын «қайта жаңғыртуда» қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсырмалар берді. Заңнамаға сәйкес бюджеттің алдағы үш жылдық жоспарын құруда маңызды нысандардағы түйіткілді мәселелерді шешуге ықпал жасау. Адами капитал сапасын жақсарту деп аталатын басымдық бойынша басты қағида халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында дәрігерлердің білімі мен біліктілігін жетілдіріп, жауапкершілігін арттыру мәселесі кеңінен сөз болды. Ал қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес деп аталатын бесінші басымдыққа орай, ауданда өткізілетін конкурстарды мейілінше ашық, жариялылық негізде өткізуді ұйымдастыруды қатаң қадағалау керектігі айтылды. Жалпы, Елбасының әр жылғы Жолдауы негізінде жүзеге асып жатқан аудандағы іргелі істерге тоқталған аудан әкімі биылғы Жолдаудағы бағыттарға басымдық берілетіндігін де айтып өтті.

Аудандық аурухана директоры С.Сүлейменова «Аталмыш Жолдауда денсаулық саласы бойынша міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің, дәрі дәрмектің бағасын реттеудің маңыздылығы атап көрсетілген. Бұл жүйенің тиімділігі Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке бірдей қол жеткізуге кепілдік береді. Бұл жүйені жүзеге асыруда аудандық орталық ауруханада толық жағдай бар. Денсаулық сақтау мекемесінің материалдық, техникалық базасы күн артып жетілдіруде. Жоспарымызда УДЗ аппаратын, өкпені желдету құралын, гастроэндоскопиялық құрал алу және жедел жәрдем көлігін алу бар» деп, алдағы жұмыс жоспарымен таныстырып өтті. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің қызметкері Қ.Мүсілімов, кітапхана қызметкері А.Мұқанова өз пікірін білдірді.

Қорыта айтқанда, аудан басшысы, орынбасарларынан бастап, бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды түсіндіріп, жаңашыл саясат жолындағы тапсырмаларды жүктеді.

Сағыныш ӘБІЛОВА

Қарқаралы ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button