Бас тақырыпОблыс әкімі

Ұстаздар ұлықталды

Кеше Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында Мұғалімдер күні қарсаңында білім беру жүйесін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін бір топ мұғалімге «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогі» төсбелгісі тапсырылды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ұстаздарды құттықтады.

– Ұстаз – ұлағатты есім. Сіздер шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келесіздер. Олар- дың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта тәрбие беруде сіздердің еңбектеріңіз өте зор. Сондықтан да, халық бұл мамандық иелеріне үлкен құрметпен қарайды.

Әрқайсымыз оқушы болдық, кім болса да өзінің алғашқы ұстазы, сүйікті тәлімгерлерін ұмытпайды. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жандардың ерекше беделге ие болуы бекер емес. Өйткені, адам өмірде қаншалықты табысты болғанымен, оның тұлға болып қалыптасуында ең маңызды рөлді ұстаздары атқарады. Жас ұстаздарға үлгі-өнеге бола білген білім саласының ардагерлеріне алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Елімізде мұғалімнің беделін көтеруге көп көңіл бөлінеді.

Соңғы үш жылда мұғалімдердің жалақысы 75%-ға өсті, олардың 60%-ға жуығы әр санат бойынша 50%-ға дейін қосымша ақы алады.

– Осы жылдың бюджетіне қатысты түзетулерге орай қолдау көрсеткендеріңізге рақмет. Бұл қаражат аймақтағы әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады. Бүгін Қарағанды қаласындағы көпбейінді балалар ауруханасының құрылысын аяқтау бойынша өте маңызды мәселе шешілді. Аурухана құрылысы көп жыл аяқталмай тұрып қалды. Ендігі кезекте сіздердің қолдауларыңызбен бір ай ішінде мәселе толығымен шешімін табады. Сондай-ақ, халықтың осал топтары үшін тұрғын үй сатып алу мәселесі Абай мен Балқашта шешімін тапты. Бұл проблема әр өңірде бар. Келесі жылы басқа аудан-қалаға қаражат бөлінеді деп үміттенеміз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Ауыл педагогтарына да қолдау бар. Бүгінде ауылдық жерде 530 жас маман жұмыс істейді, оның 81-і осы оқу жылында келді. Соңғы екі жылда 126 жас маман тұрғын үй алды. Ауылдық жерлерге келген жас мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме ақы төленген.

Сонымен қатар, мектептерді жабдықтауға көп көңіл бөлінуде.

– Бірақ ешбір заманауи компьютерлік сынып, ешбір инновация педагогикалық дарындылықты, шеберлік пен жауаптылықты алмастыра алмайды. Сіздердің, біздің қымбатты ұстаздарымыздың арқасында белсенді, шығармашыл, өршіл балалардың жаңа, тамаша ұрпағы өсіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын тәрбиелеген ұстаздарға мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып отыр. Алғашқылардың бірі болып жерлесіміз №1 «Білім-инновация» лицейінің химия пәнінің мұғалімі Абылай Саматов осы үлкен марапатқа ие болды. Сіздер өз мектебіңіздің мақтанышы ғана емес, ұлттық байлығымызсыздар! – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Сонымен, Қарағанды қаласындағы машина жасау колледжінің директоры Серікбол Шатинов, №61 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дидар Төрекелдина, №9 гимназияның информатика мұғалімі Сергей Зубрин, Теміртау қаласындағы әйелдер гимназиясында тарихтан сабақ беретін Жанат Базарбаева, Шахтинск қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицей директоры Арарат Есмағамбетов «Қарағанды облысының білім беру саласының Құрметті педагогі» атанып, әрқайсысы 1 225 200 теңгеге ие болды.

– №61 мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беремін. Бұл жеңіс жалпы ұстаздардың жұмысының жемісі дер едім. Негізі 27 жыл педагогикалық еңбек өтілім бар. Біздің бақытымыз – балалар. Баланың күлкісі, қоңырау сыңғыры еститініміз. «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі». Алаштың ақиық ақыны Мағжан ұстазға осылай баға беріпті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жүрегі – ұстаз» деуі де кездейсоқ емес. Сондықтан әрбір ұстаз осындай құрметке лайықты, – дейді құрметті педагог атанған Дидар Төрекелдина.

Жиында өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне ерекше үлес қосқаны үшін бір топ педагог облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және де білім беру саласының ведомстволық арнайы белгілерімен марапатталды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button