Сот жүйесінде соны реформа
Сот жүйесінде ұзақ жылдар бойы қызмет ете жүріп, оның қалыптасу кезеңдерінен өтуге тура келді. Сот актілерін қолмен жазу дәуірінен бастап, кейін оларды механикалық баспа машинкаларында көшірме қағаздар арқылы әзірледік. Уақыт өте келе, компьютерлік технологиялар енгізіліп, сот құжаттарын электрондық форматта дайындау үрдісі басталды. Осылайша, жаңа заман талаптарына сай компьютерлік техника, цифрлық құралдар және өзге де инновациялық технологиялар игерілуде.

Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап, сот төрелігінің сапасын арттыру және судьялардың мәртебесін көтеру бағытында сот жүйесін жаңғыртуға кірісті. Осы уақыт ішінде еліміздің сот жүйесі бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Судьялардың ІХ съезі делегаттарының алдында сөйлеген сөзінде «Әділ сот – мемлекеттің берік тірегі, ал, сот билігі – жүргізіліп жатқан құқықтық реформалардың басты байланыстырушы күні», – екенін атап өткен еді.
Барлық өзгерістер мен реформалар, ең алдымен, азаматтардың сот билігіне, судьяларға деген сенімін арттыруға, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға бағытталған.
Бұл – Қазақстанда Әділет академиясының, әкімшілік әділеттің құрылуы мен дамуы, кассациялық соттардың енгізілуі, судьяларды іріктеу және басқа да маңызды бастамалардың сәтті жүзеге асырылуының көрінісі.
Сот төрелігін жүзеге асыруда судьяның жеке тұлғасы мен оның адамгершілік-этикалық қасиеттері аса маңызды рөл атқарады. Біздің әрқайсымыз «Құрметті сот» деген тіркесті естігенде, оның кімге бағытталғанын бірден түсінеміз.
Мамандардың пікірінше, «Құрметті сот» немесе «Ваша честь» деген ресми қатынас формасының қалыптасуы судья қызметінің мән-маңызымен тікелей байланысты. Себебі, судья – әділдік, парасаттылық пен адалдықтың бейнесі.
Айта кету керек, Қазақстанда сотқа осындай формада жүгіну тәртібі заңмен алғаш рет 2015 жылы жаңа Азаматтық процестік кодекс қабылданғаннан кейін ғана нақты регламенттелді. Сол уақыттан бері сот процесіне қатысушылар мен залда отырған азаматтар судьяға қазақ тілінде – «Құрметті сот», орыс тілінде – «Уважаемый суд» деп ресми түрде жүгінуге міндетті.
Бүгінгі күнге дейін сот жүйесінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Көптеген маңызды мәселелер өз шешімін тапты. Мәселен, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары жаңартылды, оның ішінде, ең маңыздыларының бірі – «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыға енгізілген елеулі өзгерістер мен толықтырулар. Бұл құжат – сот төрелігін жүзеге асырудағы түпкілікті нәтиже. Онда, әсіресе, сот актісінің құрылымына ерекше назар аударылған. Себебі, шығарылған шешімдер халық үшін түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс.
Қазіргі таңда судьяның жұмысын «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Бұл жүйе сот құжаттарының электрондық мұрағатын толық қамтиды. Сонымен қатар, соттардың интернет-ресурстарын, сот отырыстарының аудио және бейнетіркеуінсіз, олардың жазбасын тоқтату не өңдеуге жол бермейтін жүйесінсіз жұмыс істеу де мүмкін емес. Бұл – сот процесінің айқындылығы мен әділдігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі ретінде оң бағаланады.
Бұдан бөлек, IT-технологияларды қолдану арқылы сот істерін онлайн форматта қарауға мүмкіндік туып отыр.
Бүгінде сот жүктемесін азайту бағытында да бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жеңілдетілген іс жүргізу тәртібін кеңінен қолдану, татуластыру рәсімдері, оның ішінде медиация арқылы дауларды шешу, сондай-ақ кейбір істер бойынша нотариустардың атқарушылық жазба жасау өкілеттігін енгізу – осының барлығы соттардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Әлемдік үздік тәжірибелер негізінде судьяларды іріктеу тетігі әзірленді. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуіне Жоғарғы сот кеңесі, Сот жюриі, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия, Кадр резерві жөніндегі комиссия, Судьялық этика жөніндегі комиссия, сондай-ақ Қоғамдық кеңес белсенді ықпал етуде.
2024 жылғы 4 қазанда өткен Қазақстан судьяларының ІХ съезінде судьялардың жаңа Этикалық кодексі қабылданды. Бұл құжат судьяның қызметтік және жеке мінез-құлқындағы рұқсат етілген шектерді айқындайды.
Сот билігін жүзеге асыру ашық-құқықтық қызмет болып есептелетіндіктен, судьяларға қойылатын талаптар да жоғары. Судья қоғам тарапынан қоғамдық бақылаудың және талқылаудың нысаны екенін ұмытпауы керек.
Сот төрелігін жүзеге асыратын судьялар өз еріктерімен қызметтік және қызметтен тыс өмірінде этикалық нормаларды қатаң сақтауға байланысты шектеулерді қабылдайды. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Конституциясы, Конституциялық заңы және басқа да заңнамалық актілерінде, сондай-ақ, халықаралық сот төрелігі мен судьялар қоғамына қатысты актілерде белгіленген.
Аталған реформалардың негізгі бағыттары толық емес, себебі сот жүйесі соңғы 30 жыл ішінде бірнеше реформалар мен жаңғыртулар кезеңінен өтті.
Азаматтар мен бүкіл қоғамның сот төрелігіне деген сенімін арттыру – ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан, әр судья өз міндеттерін атқарғанда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау оның қызметінің мәні мен мазмұнын анықтайтынын ескеруі қажет.
Қымбат КӨМІРТАСОВА,
Қарағанды облыстық сотының судьясы,
Судьялық этика комиссиясының мүшесі