Ресми

Сотқа сенім артса игі…

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті. «Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмысында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс. Судьяларымыз адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауы керек. Еліміздің судьялары кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертіп отыруы қажет. Бұл үшін сот саласындағы өзекті халықаралық үдерістерді ескеріп, судьялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнату маңызды», – деді Президент.

Қарағанды соты

Кеше мен бүгін

Сот шешімдеріне халықтың сенімін арттыру тұрғысында бірқатар ілкімді істер соңғы төрт-бес жылда қарқын алды. Бұл орайда «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» маңызды рөл атқарды.

Біз сөз етіп отырған құқықтық саясат тұжырымдамасында «Қоғам сот билігінің қызметін толық, объективті және бейтарап жария етілуіне мүдделі. Осы мақсатта халықтың сот қызметі туралы ақпаратқа барынша қол жеткізуін ұсыну арқылы сот жүйесінің ашықтығы мен айқындылығы деңгейін арттыру қажет» деп атап көрсетілген.

Задында қазіргі Қазақстандағы сот жүйесінің ашықтығына күмән әсте-­әсте кеміп келеді. Мәселен, алақаныңыз­дағы ұялы телефоныңыз арқылы айыпталушыға сот шешімі, яки, судьяның үкімі шыққанға дейін қарапайым халық мұның барлығын тікелей эфирден бақылай алады. Осыдан келіп, судьяның әділетсіз шешім шығарып, істі бұрмалауына еш негіз қалмайды. Оның үстіне қазіргі уақытта сот залындағы процестердің барлығы да аудио және бейнетаспаға жазылады.

Ең керегі, сот төрелігіне қатысты әділ процессті қамту, «Е-СОТ» платформасын жаңарту, үлгілі сот көзқарасын қалыптастыру, сапалы нәтиже алу, оңтайлы орта құру, мінсіз судья түсінігін жаю, әрі сотсыз татуласу орталығының жұмысын жандандыру. Осы арқылы қоғамдағы келеңсіздік атаулысының алдын алмақ. Жоғарыдағы жеті бағыт – сот саласында айқындық пен ашықтыққа кепіл. Осыдан келіп, судьялар әрбір істі барынша тиянақты қарайтын болды, олардың жауапкершілігі біршама артқаны аңғарылады. Халықаралық стандарттарға сай, қазақстандық судьялардың да өзіндік келбеті айқындала бастады. Бұл игі қадамдар елімізде жоғары кәсіби сот корпусы қалыптасуына септік етті.

– Егемендік алғалы бері сот саласында соны қадамдар жасалып келеді. Бұл алдымен азаматтарымыздың бостандығы мен құқығын қорғау бағытында көрініс табуда. Негізгі мұрат – сот саласындағы үдерісті барынша ашық түрде іске асыру. 2019 жылдан 41-ге жуық жаңа заң нормалары қабылданған болса, оның 31-і күшіне енді. Судьяларды іріктеу тәртібінен бастап, сот саласын сандық форматқа көшіруге дейінгі кешенді шаралар жүзеге асуда, – дейді Қазыбек би аудандық № 2 сотының судьясы Динара Тегжанова.

Бұрынғы кезде сотқа шағым түскен сәттен бастап, істің барлығы да қаралатын еді. Барлығын жаппай байыптау судьялардың жұмысын ауырлатып, істі қарау тым ұзаққа созылып кететін. Ал, қазіргі уақытта жұмыс үдерісі оңтайланды. Тіпті, «Түнгі сот» жобасы да өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Егер куәгер мен екі тарап келіссе, заматында судья істі қарап, шешім шығарады.

 

Ізгілік ізсіз кетпейді

Сонымен, сотсыз татуласу орталығының бас мақсаты – араздасқан екі жақты ымыраға шақыру. Ортақ бітімге келтіру. Арнайы орталықтар әр аймақта, облыс орталықтарында құрылған, іргелі қалаларда құрылып та жатыр. Онсыз да жүктемесі көп судьялар бұл істі енді қарамайды. Сотқа дейін татуласса, ең алдымен өздеріне жақсы. Деректерге сенсек, дамыған елдерде даудың 70-90 пайызы сотқа жетпей, өзара татуласумен аяқталады. Бұл орайда араздасушы екі тарапқа сотқа дейінгі қорғаушы, нотариус пен психолог мамандар көмек көрсетеді. Демек, мұнан шығатын қорытынды не? Сот ізгілікке бет бұрды. Адамдардың сана – сезімі мен жауапкершілігі де артты. Әсілі, дау-дамайды сотсыз-ақ шешуге болады екен. Не дегенімізбен, сотқа жүгінуге әркімнің де заңдық құқы бар.

Тағы бір мысал, қазіргі уақытта әр аймақта жалақы мәселесіне қатысты жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасында еңбек дауы болып жатады. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Мәселені сотқа жеткізбей шешкен абзал. Бұл арада ең алдымен кәсіподақтар федерациясының рөлі зор. Сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасында еңбек дауларын тиімді түрде сотқа жеткізбей шешу туралы меморандумға қол қойылған. Олар екі тарапты мәмілеге келтіреді. Сөйтіп, еңбек дауларына осылай нүкте қойылады. Мұның барлығы да қазіргі уақытта өркениетті қоғамдағы сот саласының дамып бара жатқанын көрсетеді. Қазақстан қоғамы бүгінде бұл озық нәтижені қолданысқа енгізуде.

– Жалпы, медиация институтын сөз еткенде Заңның 2011 жылы қабылданғандығын айту керек. Яғни, Заң бекігелі 12 жылдан астам бұл бағытта жұмыс жасаудамыз. ТМД елдерінде де осыған ұқсас заңдық норма болғаныменен, тиімділігі Қазақстан Республикасында айқынырақ көрініп келеді. Өзім жетекшілік етіп отырған «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігі – соның жарқын мысалы. Бұл орайда заңдық негізде осы іске белсене атсалысып жауапкершілік алған Қазақстан халқы ассамблеясын атап өтпеу мүмкін емес, – дейді Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясы заң клиникасы Қарағанды филиалының Татуласу орталығының басшысы, кәсіби медиатор Светлана Шардарбекова.

Қарағанды соты

Сот мемлекеттік тілде сөйлей бастады

«Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор» деген Алаш арысы Міржақып. Елімізде қолданыстағы заңдардың іске асырылуын қамтамасыз ету жолында, заңнамалардың орындалуына жауапты – мемлекеттік қыз­метшілер.

Қарағанды облысы соттарында халқы­мыздың болмыс-бітімі мен рухани, қас­­терлі құндылықтарын қадір тұтып, жұмыста мемлекеттік тілді меңгерген білікті мамандарды даярлап, тіл тұғырының мықты болуына қосар үлесті арттыруға жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Төрелік» ақпараттық жүйесі құжат айналымының, іс жүргізу, кіріс, шығыс, ішкі құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне, ресімделуіне жаппай мемлекеттік қызметшілер жұмылдырылуда. Құжаттарды ресімдеу барысында мемлекеттік тілде жазылуының сауаттылығына, тілдің тазалығына, сөздің мағынасына мұқият көңіл бөлінеді.

Сот билігінің жұмысы қалың бұқараға бағытталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауға, заңнамалардың орындалуын қамтамасыз етуге қызмет ететіндіктен, елмен бірге тіл мәдениетінің қалыптасуының, қолданылуының артуына әрқашан да өз үлесін қоса береді.

Сонымен, облыстық сот соттық қадағалауды қоса алғанда сот төрелігін жүзеге асырушы соттық мекеме болып қана қоймай, адвокатура қызметін қадағалаушы, соттық статистика, нотариалды кеңселер, халықтық соттардың қызметтеріне ұйымдастырушы басшылықтың міндеттерін жүзеге асырушы соттық басқару органына айналды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button