Жаңалықтар

Соғыстың соңғы күндері

«15.04.1945 жыл. Форст қаласына шабуыл басталды. Зеңбіректердің көптігіне сан жетпейді. 2 сағат болды, үздіксіз жарылған снаряд. Снарядтардың көптігі мен күштілігінен аяқ астындағы жер селк-селк етеді. Басқан аяғыңның өзі бір жерде тұра алмайды. Зеңбірек атысы тоқтай бере, төбе-төбе болып, танкілер жөңкілді, іле пехота да көтерілді. Тегі, ақырғы шабуылдың бастамасы осы болар…»
«23.04.1945 жыл. Берлиннің оңтүстігінде қоршауда қалған неміс әскерін құртудамыз. Қолға түскендерде сан жоқ. Қала халқы барларын тастап, қашып жатыр. «Дүние алма кезек» деген осы. Соғыстың басында біздің көргенімізді енді олар көруде…»

«02.05.1945 жыл. Берлин қаласын қоршауға алдық. Бөлімшеміз ерекше тапсырмамен Дрезденге қарай бет алдық. Жүріп келеміз…»

«09.05.1945 жыл. Дрезденге де келдік. Үлкен, өндірісті қала екен. Бірақ не керек, бұзылмаған үй қалмаған. Тек, қала маңы ғана аман. «Германия тізе бүкті» деген хабарды осы қаланың көшесінде естідік. Қуанышты хабардан ес қалмаған. Төрт жылға созылған соғысқа төтеп бергенімізге, жеңіске жеткенімізге қуанбаған адам болмаған шығар, сірә…»
Бұл – 1941 жылдың 29 желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, 1946 жылы елге оралғанға дейін Ұлы Отан соғысының тарихында алтын әріппен жазылған Орел-Курск доғасындағы маңызды операцияларға қатысқан, одан әрі, Польша қаласы Варшаваны, Венгрия қаласы Будапештті босатуға, Берлиннен кейін Праганы, Венаны жаудан азат етуге қатысқан Нұрахмет Инербаевтің күнделігінен алынған үзінділер. Әрине, өлім мен өмір арасында жүрген қазақ солдатына төрт жыл көзді ашып-жұмғандай болды ма, әлде, шет-шегі жоқ тозақ отындай болды ма, біз үшін беймәлім. Қарумен бірге қаламын қатар ұстаған солдаттың осы естеліктері кейінгі ұрпақ үшін құнды дүниеге айналарын сезбеген де болар.
Нұрахмет Инербаев 1913 жылдың 15 желтоқсанында Қу ауданы, Қарашоқы деген жерде дүниеге келген. 7 жасында Қажыкен Смалов басқаратын болыстық орыс мектебіне оқуға түсіп, 1924 жылы Қарқаралыдағы мұғалімдік техникумына түседі. 1930-1931 жылдары Балықтыкөл совхозында алғашында есепші-кассир, аудармашы міндетін атқара жүріп, экономист-статист қызметін де атқарған.
Жазғы демалыста Едірей болысының 7-ауылында, Үшқара-Жыланды деген жерде жылына 30-40 адам оқытып, жүзден аса адамға хат та танытқан екен. Хат танымайтын ауыл басшыларының қасына еріп қағаздарын, есепшоттарын жүргізген. Әрине, осы екі тілді бірдей меңгерген сауаттылығының арқасында дивизияның саяси бөлімінің нұсқаушысы болуы да тегін емес еді. Бұл, әрине кейін…
Әскер қатарына Павлодар облысының М.Горький ауданынан шақырылады. Мәскеу түбіндегі Горохов лагерінде зеңбірекшілер даярлайтын курстан өтіп, 1942 жылы алғаш рет Сталинград майданында ұрысқа кіріседі. Осы кезде дивизияның саяси бөлімінің нұсқаушысы болған ол Сталинград қаласында бекінген неміс генералы Паулюстың штабын алуға қатысады.
1946 жылы қатардағы жауынгер, одан кейін елге аға лейтенант атағымен оралды. Майдангердің «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және әрбір қаланы азат еткен ерлігі үшін жеке-жеке 7-8 медаль – наградалары бар.
 Әскери жолы бүкіл Батыс Европаны көктей өтіп, Берлинде жалғасқан әкеміз 1946 жылы елге оралады. Өмірінің соңына дейін аудандық баспасөз партия ауыл шаруашылық органдарында жауапты қызмет атқарды. Әкеміздің ешкімнің ала жібін аттамаған адал, еңбекқор, әділетті бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады, – деп еске алады Нұрахмет Инербаевтің ұрпақтары.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button