Ресми

Әскері күшті ел мықты

Қарағандының «Мәңгілік алау» мемориалында ата-аналар, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері Қарулы Күштер ардагерлерінің қатысуымен әскерге шақырылушыларды шығарып салды. Осылайша отыздан астам қарағандылық әскер қатарына қосылды.

Жалпы, аймақтан 1100-ге жуық жас күзгі әскерге шақыру барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтырады. Сап құраған жастарды облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиев құттықтады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Сіздерді осындай айтулы оқиғамен құттықтаймын. Ерліктің, әскери міндет пен жауапкершіліктің үлгісіне айналған әскер мектебінен әр адам өтуі керек. Елдің тұтастығын, жұрттың тыныштығын сақтау үшін әскеріміздің айбынды, жауынгерлеріміз жалынды болуы шарт. Біздің өңірдің жас тұрғындары өздеріне жүктелген міндеттерді мақтанышпен орындайтынына, әскери тәртіп пен кәсіби шеберлікті сақтау үлгілерін көрсететініне сенімдімін, – деді Ерлан Ғалиев.

Облыстың қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Буксманның айтуынша, денсаулық жағдайын тексеру және әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау үшін әскерге шақырылушылар аудандық және облыстық медициналық комиссиялардың куәландыруынан өтеді. Жастардың денсаулық жағдайы, мамандығы ескеріледі, осыған байланысты негізінен ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру факультеттерін бітірген, бронды танк техникасын шығарумен байланысты ұйымдарда жұмыс істейтін әскерге шақырылушылар Құрлық әскерлеріне жіберіледі. Ал, математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттердің түлектері – Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерін жасақтау­ға бағытталады. Десанттық-шабуылдау әскерлерін жасақтау үшін жалпы орта білімі, жақсы физикалық дамуы бар, бірінші кезекте спортшылар қатарынан әскерге шақырылушыларды іріктеу жүзеге асырылуда.

– Қазіргі уақытта әскерде мерзімді қызмет өткеру үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың оқу орталықтарында мемлекеттік үлгідегі куәліктерді бере отырып, әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау жүргізіледі. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап, олардың жеке қатысуын талап етпейтін 17 жастағы жасөспірімдерді әскери есепке қою жүйесі автоматтандырылды, – дейді Дмитрий Буксман.

Басшының сөзіне сүйенсек, әскери ортада құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жеке құраммен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері енгізілді. Барлық бөлімшелерде бейнебақылау жүйелері орнатылған, әлеуметтік сауалнамалар үнемі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, психологтар жұмыс істейді. Мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде әскери қызметшілер тамақпен, заттай мүлікпен, медициналық қызметтермен және тұрмыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.

– Биыл мерзімді әскери қыз­меттің тартымдылығы мен беделін арттыру үшін Мемлекет басшысы білім беру секторында, белгіленген мерзімге қызмет еткен азаматтарға жатақханадан басым орын алуға, сондай-ақ, кредиттік демалыстар беруге жеңілдіктерді заңнамалық түрде бекітті, – деді облыстық қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары.

«Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Загира Әубәкірова болашақ сарбаздарға ақ жол тіледі.

– Балалар әскерге аттанғанда аналары аз-кем қобалжып, әскердегі жағдайына алаңдайтыны рас. Аналық жүрек толқиды. Жас сарбаздар қырағылық, төзімділік, ерлікке, әскери өмірге үйреніседі. Әрбір перзенттің Отан алдындағы борышын өтеуі – патриоттық пен елжандылықтың көрінісі. Айбынды ұлдар – еліміздің қорғаны, – деді Загира Әубәкірова.

Салтанатты шарада қалалық №58 мектептің кадет сыныптарының тәрбиеленушілері сарбаздарға естелік сыйлықтар тарту етті.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button