Жаңалықтар

Шырға тартып, тазы жүгіртіп…

Шырға тартып, тазы жүгірту – көнеден келе жатқан ұлттық өнердің бірі. Бүгінде ұлттық өнер ұмытылып қалмас үшін өңірде әр жыл сайын түрлі байқау ұйымдастырылады. Бұған дейін Қарқаралы, Бұқар жырау ауданында ауқымды турнир өткен еді. Бұл жолы Теміртауда дәл осы спорт түрінен алғаш рет қалалық ашық біріншілік өтті. Оған облыс қалалары мен аудандарынан бөлек, Ақмола, Ұлытау облысынан келгендерді қоса есептегенде 70 тазы қатысты. Байқаудың өтуіне қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Тау» спорт клубы мұрындық болыпты.

Қалалық біріншілік болса да ұлттық өнерге қызығушылық танытқандардың қатары қалың. Қатысушылар тіпті, турнирге қос тазыдан алып келген. Турнирдің ашылу салтанатына қалалық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ақниет Балтабаев пен «Тау» спорт клубының басшысы Алмат Серімов арнайы қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұлттық спортты дамыту керектігін баса айтқан болатын. Бүгінде өңірде ұлттық спорт түрлері қанатын кеңге жайып келеді. Өткен жылы көкпар ұйымдастырдық. Биыл шырға тартудан турнир өткіздік. Одан бөлек, қол күресі, қазақ күресі және басқа да ұлттық спорт түрлерінен турнирлер тұрақты өткізілуде. Алдағы уақытта тағы да тазы жарысын өткізсек пе деп отырмыз. Ал, қыркүйек айында командалық көкпар өткізу жоспарда бар. Ұлттық дәстүрді жандандырып, қазақ тазысының бірегей қасиетін дәріптеу мақсатында атқаратын жоспар көп, – деді Ақниет Мейірманұлы.

Аталған турнирге 40 арлан, 30 қаншық қатысты. Турнир ережесіне сай жеребемен арландарды жеті топқа, қаншықтарды бес топқа бөлген. Әуелі топқа бөлінген тазылар өзара жарысты. Кейін топтан үздік шығып, мәре сызығын бірінші болып кескен тазыларды ақтық бәсекеге өткізді. Сайыс ережесіне сай арландар – бір шақырымға, қаншықтар – 500 метр қашықтықта бақ сынады. Жарыс барысында тазылардың аузына тұмылдырық байланып, нөмірленді.

– Қазақтың құмай тазысы – жеті қазынаның бірі. Ұлттық құндылығымыз. «Шырға» дегеніміз құсты қолға үйреткенде, аңға түсуге баулығанда қолданылатын тұлып. Кейіннен теріні пайдаланып, тазыларға шырға тартып жүр. Десе де бұл өнер ұлттық спорт түріне енбеген. Алдағы уақытта осы мәселені шешуді жоспарлап отырмыз. Ұлттық спорттың қатарына енгізіп, көнеден келе жатқан өнерімізді сақтап қалу қажет. Өңірде тазы саны көп. Құжатқа тіркелгені, тіркелмегені бар. Тіркелмеген тазылардың лайықтысын «Қансонар» қоғамдық бірлестігіне қосу қажет, – деді облыстық құмай тазы және төбет иттерінің федерациясы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрдәулет Мырзаханов.

Бұқар жырау ауданы, Қушоқы ауылынан келген Азамат Төкешов турнирге «Очки» атты арлан тазысын алып келіпті. Оның сөзіне сүйенсек, бұған дейін тазысы бірнеше турнирде бақ сынапты. Алайда, көпшілік ортаға түскенде тазысы жүгірмей, қатардан қалып қоятын көрінеді. Бірақ, бұл жолы тазының бағы жанып, І орын иеленді.

Арлан тазылар арасында өткен байқауда ІІ орынды Балқаштан келген Ерлан есімді азаматтың «Көкдауылы» иеленді. ІІІ орын Үміткер ауылынан келген Айдынның «Қазынасына» бұйырды.

Осакаров ауданы, Маржанкөл ауылынан келген Қазыбек Абдрахманов алты қар басқан «Аққұмай» атты қаншық тазысын қосты. Бұл тазы талай жарыстарда бақ сынап, барған жерінен қанжығасы бос қайтпаған жүйрік екен. Атап айтсақ, биыл Нұра ауданында өткен тазылар жарысында топ жарыпты. Былтыр Қарқаралы, Нұра мен Бұқар жырауда өткен турнирлерде тек бірінші келген. Қазыбек ағамыздың «Аққұмайдан» басқа тағы үш арланы, төрт қаншығы бар екен. Олардың ішінде жүгіретіні тек – «Аққұмай» екен. Итінің қабілетін күшік кезінен байқап, өзі бейімдепті.

Қаншық тазылар арасындағы сайыста бірінші орын осы «Аққұмайға» бұйырса, мәре сызығын екінші болып астаналық Еркебұланның «Сағым» атты тазысы кесті. Аршалы ауданынан келген Рүстемнің «Сұлу» атты тазысы ­ІІІ орын иеленді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button