Өшпес ерлік белгісі
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысына қатысқан нұралық майдангерлер туралы естеліктерден сыр шерткен «Парыз» кітабының тұсаукесері өтті.
Екінші дүниежүзілік соғысқа Нұра ауданынан 3600 жауынгер Отанды қоғауға аттанып, 1620 жауынгердің табаны туған жерге қайта тимей, соғыс даласында ерлікпен қаза болған. Ал, 973-і хабарсыз кеткен. Осы майданға аттанған нұралықтардың ішінде 2487 жауынгер Ұлы Отан соғысының наградаларымен марапатталған. Оның ішінде, Иван Колодий мен Семен Лебедевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, Мүтәш Сүлейменов – «Даңқ» орденінің толық иегері.
– Миллиондаған адам 1418 күн мен түн бойы минуттап, сағаттап сарыла күткен, батыр бабаларымыз жаудың туын жығып, жеңістің мөрін басқан күн – Жеңіс күнінің дәмін өскелең ұрпақ толық сезінуі керек, – деп салтанатты шараға жиналған қауым алдында сөзін бастады аудан әкімі Ниқанбай Омарханов.
– Осы кітапты құрастыру барысында айрықша көмек көрсеткен – Ардагерлер кеңесінің мүшесі А.Романенко, З.Мақсұтовқа және Нұра ауданының орталық кітапхана басшысы Л.Кумпанге, кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді. Негізгі қаржылай көмекті «Парыз» жобасы аясында «Береке» ҚМ мен «ЭКОЦЕНТР» ҚБ серіктестігі көрсетті. «Береке – ынтымақ арқылы» бағдарламасына қатысып, осы кітаптың жобасын қорғап, соңында жеңімпаздар қатарынан табылдық, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күміс Жұмаділова.
Мерекелік шара барысында мектеп оқушылары, жауынгер ардагердің ұрпақтары –Жандос Бақытұлы, Арайлым Ерғалиева, Борис Юнгенштейн Ұлы Отан соғысына қатысқан атасының шөбересі екенін мақтана айтып, естеліктерімен бөлісті.
«Парыз» кітабының тұсауын Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген тыл ардагері Әйділда Хамзин ақсақал мен аудан әкімі Н.Омарханов кесті.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.
НҰРА ауданы.