Жаңалықтар

Шежіреге бай өңір

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздармен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар».

(Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан).

Қарағанды облысының іргелі аудандарының бірі – Шет ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толады. Ауданның құрылуы сол кездегі мемлекет алдындағы халық шаруашылығын қарқынды екпінмен жүргізу міндетімен тығыз байланысты болды.

Бұрын айтылып, жазылып жүрсе де ауданның іргетасын қалауға атсалысқан және қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс кезендерінде ел тұтқасын берік ұстап, халқы үшін жандарын қиған, тер төгіп, адал еңбек еткен аға ұрпақтың аттарын атап өткен жөн болар. Олардың қатарында С.Досмақов, Х.Жанқашев, Ш.Нұрмағанбетов, Ә.Тоқтаров, С.Хамитжанов, Қ.Ордабаев, А.Жақыпов, С.Өтенов, К.Түйтебаев А.Түйтебаев, Х.Садықов, С.Сыздықов, Ж.Ыбышев, О.Тайбеков, М.Өтенов, Т.Дәлмағанбетов, Е.Ордабаев, Р.Жексенбаев бар. Қ.Бәкіров, С.Асылханов, Ж.Төкенов, Р.Арыстанбеков, О.Бәкенов, О.Тұрсынбеков, Ш.Жонкин, Т.Омаров, Ж. Байнамазов, К.Қаратөбелов, Қ.Аққасин, И.Жүнісбеков, Б.Күлейменов, Ж.Тәкішев, Т.Отыншин, Т.Сүлейменов, Ш.Ахметбеков, Ә.Сейсембеков, Т.Боқаев, Г.Анықбаев, Ж.Мүстаянов, Б.Құрымтаев әр кезеңдерде колхоздарды басқарды.
Ауыл шаруашылығы саласы – ауданның экономикасының негізі бағыты болып саналады. Саланың жағдайына тоқталмас бұрын, ауданның әкімшілік-аумақтық өзгерістеріне тоқтала кетсем.
Сіздерге мәлім, 1963 жылы 2 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Шет ауданы таратылды. Оның Ақшатау, Қызылтау, Комсомол, Нұраталды, Нұра, Тағылы, Түлкілі және Шет селолық советтері Ақтоғай ауданына берілді. Осы Жарлықпен Ақшатау мен Қайрақты Ақшатау өндірістік ауданының құрамына енді.
1964 жылы 31 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен орталығы Ақсу-Аюлы селосы болып, Шет ауданы қайта құрылды. Жоғарыдағы 8 селолық совет қайтарылды. Ақжал, Ақшатау және Қайрақты Ақшатау өндірістік ауданынан қайта Шет ауданының құрамына кірді. Осы жылы Жаңаарқа ауданының құрамындағы Ақадыр кенті Шет ауданына берілді.
1971 жылы 1 қаңтарда аудан құрамында 12 селолық совет болды. Ақбұлақ, Ақсораң, Ақшатау, Босаға, Қарабұлақ, Кеншоқы, Қызылтау, Комсомол, Нұраталды, Түлкілі, Тағылы, Шет.
1973 жылы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен осы ауылдар жаңа ашылған Жезқазған облысының құрамына енді. Осы жылы құрылған Ақадыр ауданына Ақадыр, Ақжал, Қайрақты, Ақшатау, Ақбұлақ, Ақсораң, Босаға, Кеншоқы, Қарабұлақ, Тағылы қарады. Шет ауданының құрамына Нұраталды, Шет, Түлкілі, Комсомол, Қызылтау, Жарық және Жаңаарқа ауданынан Шетке берілген Дария, Красная Поляна, Көктіңкөлі, Өспен, Просторный, Бұрма ауылдары енді.
1975-1980 жылдар аралығында да ауданның әкімшілік-аумақтық бағытында шамалы өзгерістер болған. 1975 жылы Көктіңкөлі, Өспен селолық советтері Ақадыр ауданына, одан Ақшатау, Кеншоқы ауылдары Шет ауданына берілді.
1997 жылы 23 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен Ақадыр ауданы таратылып, Шет ауданының құрамына енді.
1946-1952 жылдары аупартком хатшысы, ауданның еңбекшілері депутаты Кеңесінің орынбасары болып Алтыбай Нақыпов қызмет атқарды. Колхоз ұйымдастырудың көрнекті өкілі. Шет ауданының іргетасын қалауға атсалысып, көп еңбек етті. А.Құлжанбеков, И.Аймағанбетов, Бекназаров, Сәрінжіпов, Қ.Мұстафин, Абдуалиев, Тезекбаев ауданның жер бөлімінде жауапты қызметтер атқарды.
Мұрағат құжаттарына көз салсақ, ауданның мал шаруашылығы бөлімінің экономисі Абдуалиевтің анықтамасында 1947 жылдың 1 қаңтарында Шет ауданының құрамында 37 колхоз және 2 совхоз, 2 қосалқы шаруашылық болған. Колхоздар бойынша ірі қара – 9535, қой-ешкі – 51183, жылқы – 2095, түйе – 372 бас.
1944 жылдан бастап 1951 жылға дейін колхоздарды ірілендіру жүргізілді. Сол себепті архив деректерінде осы жылдар ішінде колхоздар саны өзгеріп тұрған.
1947 жыл – Кеңес өкіметі үшін «Ұлы мереке жылы», яғни, Қазан төңкерісінің 30 жылдық мерейтойы болды. Осыған орай, ауданның 47 азаматы таңдап алынып, мемлекеттік марапаттауға жіберілді.
Бұл тізімге сол кездегі аудан басшылары мен өз істерінің майталман мамандары кірген. Тізімде Нұрлан Омаров, Алтыбай Нақыпов, Түсіпбек Джукараев, Мақай Күлейменов, Абдрахман Нұршин, Жақыпбек Шешенов, Мұқаш Күзгібеков, Қаппар Бурнаев, Серікбек Жазғыбеков сынды партия-совет қызметкерлері мен шаруашылықтың іскер ұйымдастырушылары. Тізімге 12 колхоздың төрағалары мен «Қызыл-Өркен» колхозының аға шопаны, 600 саулықтан 750 қозы алып, 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атанған Бегім Беркімбаев бар.
1951 жылдың 1 қаңтарында ауданда 20 колхоз болған. Ал, 1953 жылы біразы бірігіп, 11 колхозға ірілендірілді. Олар – Орджоникидзе, Октябрь, Ленин, Қызылту, Абай, Роза-Люксембург, XXX Қазақстан, Ақсу, Сталин, К.Маркс, Жамбыл колхоздары. Осы колхоздарда 11897 ірі қара, 89 мың қой-ешкі, 6345 жылқы және 389 түйе болған. Ауданның ауыл шаруашылығы бөлімін ортаға белгілі Орынбай Матаев әкеміз басқарған.
Соғыстан кейінгі жылдар жеңіл болды деу артық болар. Автократиялық биліктің атасы Сталин қайтыс болғаннан кейін ел «жылымық» лебізін сезген еді. Хрушевтің кезінде еңсесі көтеріліп, бой жазған-ды. Астық өңдіруді қолға алу соғыстан қалжыраған халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруге бағытталған ең негізгі мәселе болып, Одақ бойынша Қазақстан осы мәселені шешуде маңызды роль атқаратын болды. Осыған орай, орталықтан қаржы, техника, қажетті материалдық құрал-жабдықтар республика ауыл шаруашылығын көтеруге молынан құйылып жатты.
1954-1964 жылдары ауданның ауыл шаруашылығы саласы біршама жоғары қарқынмен дамығанын көзіміз көрді. Еліміздегі колхоздар мен совхоздарға тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникалары, құрал-жабдықтары мемлекеттік жоспар арқылы толассыз жіберіліп тұрды. Одақ көлемінде тың жерлерді игеру саяси науқаны ұрандап, Қазақстанның, оның ішінде, Шет ауданының жерлері жаппай жыртылып, егістік алқабына айналды. Бұл саясат жағынан өте өзекті мәселе Қазақстанның далалық аймағында орналасқан, әсіресе, Нұраталды, Шет кеңшарларында, Ленин, Орджоникидзе, Роза Люксембург атындағы колхоздарда жоғарғы үрдіспен атқарылған-ды. Тап осы кезде аудан орталығында орналасқан Шет МТС-нің дүркіреп тұрған. Бұл кәсіпорын әлі де болса аяққа тұра алмаған шаруашылықтарды техника және кадр күшімен тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырды. Осы орайда, ауданның экономикасын көтеруге атсалысқан аға буынның аттарын атап кетсем артық болмас. Аудан басшылары – Қауымбек Кенжебеков, Мәлік Имашев, Тұрсын Төреғожин, Сейтқали Оспанов, Өтеген Құлмаханов, Ахмедия Смағұлов, Әбдуғали Алшынбаев, кеңшар директорлары мен колхоз басшылары – Сәрсенбай Өтегенов, А.Свистунов, Өміртай Балтин, Серік Рақышев, Рахым Арыстанбеков, Жұматай Тәкішев, А.Береза, Жұмабай Төкенов, Асанбек Тутанбаев, Бақи Мақажанов, Самен Шалабаев, Қаппар Борнаев, Пспек Жұманов және аудан көлемінде қажырлы еңбек еткен қазақтың өскелең интеллигенциясының өкілдері, Шілікбай Кукенов, Жұмабек Күлейменов, Шаймұрат Шайхин, Жұмабай Ибрайкин, Төлеген Жазыкенов, Шөктай Халиллин, Жұмақас Аманжолов, Қайыр Кішкентаев, Әбдіғалым Жұмағұлов секілді азаматтар аудан экономикасының өркендеуіне жастық жігермен, ұйымдастыру іскерлігімен құлшына атсалысты.
1965-1980 жылдар аралығында ауданды майдангер Кәмәли Дүйсенбеков ағамыз басқарды. Аудан экономикасын, оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда он екі жылдай бірге қызмет атқардым. Ағадан алған тәлім-тәрбием және ағаның келбеті мен адами болмысы туралы баспасөз бетінде бірнеше мәрте жазған едім.
1965-1980 жылдары халықтың әл-ауқаты жоғарғы деңгейге көтеріліп, кеңшар орталықтарында, елді мекендерде (бөлімшелер мен қыстақтарда) өндірістік бағытта және әлеуметтік-мәдениет саласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аудан орталығындағы Ақсу-Аюлы селосында партия комитетінің екі қабатты әкімшілік үйі, 48 екі және төрт бөлмелі үйлер салынды. Аудан орталығында мәдениет және пошта ғимараттары бой көтерді. Ақсу-Аюлы, Бұрма, Просторный, Красная Поляна, Талды, Кеншоқы елді мекендерінде мектептер мен мәдениет үйлері қолданысқа берілді. Ақсу-Аюлы – Қарағанды, Ақсу-Аюлы – Ағадыр, Ақсу-Аюлы – Ақтоғай бағытындағы аяқталмай тұрған тас жолдар асфальтталды. Бұрма, Нұраталды, Красная Поляна, Шет кеңшарларында жаңа типті сүт өндіруге арналған 4500 орындық механикаландырылған мал қоралары іске қосылды.
1975 жылы «Путь к коммунизму» кеңшарында 3000 ірі қараға арналған мал бордақылау кешені салынды.
1977 жылы «Красная Поляна» асыл тұқымды мал зауытының «Бекет» бөлімшесінде Шерубай-Нұра өзенінің бойында ұзындығы 100 метр бетондалған бөгет (плотина) салынып, көлемі 3,5 млн м3 су қоймасы пайдалануға берілді. Ауданның барлық елді мекендері толықтай жоғарғы вольтті электр желісімен қамтамасыз етілді. Аудан шаруашылықтарында 1980 жылы 5 мың гектар суармалы жер есепте тұрды. 600 гектар жерге картоп, 200 гектар жерге көкөніс, 3000 гектар жерге жүгері және 1700 гектарға екпе шөп отырғызып, жыл сайын олардан тұрақты өнім алып тұрдық. Осындай игі істердің нәтижесінде Шет ауданы бірнеше дүркін республикалық, облыстық деңгейде жеңімпаз атанды.
Кәмекенің басшылығымен аудан экономикасын дамытуға аянбай еңбек еткен ауатком басшылары – В.Перерва, В.Крылов, В.Мажура, В.Кондраков, Н.Суворов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары – Қайролла Байғабылов (Социалистік Еңбек Ері), Әбжали Ахметов, Мыңжасар Әдекенов, Егінбай Сембин, осы жолдар авторы, кеңшар директорлары – Әлихан Шәйкенов, Құндақбай Керімов, И.Морозов, Төкім Искаков, Қуаныштай Сейілбеков, Балтабай Қапасов, Н.Дворук, В.Прокопенко, Әбілхасен Көпеев, Біләл Доскеев, Әділ Бәкіров, Сатылхан Жұрымбаев, Аманқұл Абдрахманов, Сұлтан Искаков, Мырасыл Смағұлов, Мақсұт Сәдуақасов, Мағауия Сатыбалдин, Дәулет Нұркеев, Байеділ Оспанов, Әбсадық Есмағанбетов, Сәмен Шалабаев сынды біртуар азаматтар қажырлы еңбектерімен жұртшылықтың ризашылығына ие болды.
Осы кезеңде ауданның қарапайым еңбеккерлері де ауданның экономикасының дамуына өздерінің толағай табыстарын қоса білді. Майталман механизаторлар – Әжібек Әрінов, Егінбай Мақажанов, Сайлау Туғанбаев, Марат Тлегенов, Көпей Тікішев, Әлкен Оспанов, Ақыжан Тұрсанин, Шойман, Ахметов, А.Горбанов, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары – Д.Мүтәліпова (екі мәрте), Ы.Бәстенова, Д.Разақова, Бақыт Қасымова, Шәкіш Бөлтекеев, В. Самборская. Сондай-ақ, ақжалдық кенші А.Жанысбаев, ақшағылдық А.Сәденов, нілділік Б.Өзбеков – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары.
Енді әрі қарай сөз бағытын 1973 жылы құрылған Ақадыр ауданына бұрсам. Жоғарыда айтып кеттім, Ақадыр ауданының құрамына Ақадыр, Ақжал, Қайрақты, Ақшатау, Ақбұлақ, Ақсораң, Босаға, Кеншоқы, Қарабұлақ, Тағылы селолық советтері қарады. 1976 жылы Көктіңкөлі және Өспен селолық советтері Ақадыр ауданына берілді. Ауданның құрамында 10 шаруашылық болды. Олар: Ақадыр, Ақшатау, Ақшағыл, Босаға, Қарабұлақ, Кеншоқы, Көктіңкөлі, Ортау, Өспен, К.Мыңбаев шаруашылықтары. Бұл кеншарларда ірі қара – 11439 қой, ешкі – 204100, 7540 жылқы болған.
Ақадыр ауданының шаруашылықтары ежелден қой мен жылқы малын өсіруге бағытталған. Бұл түліктерді өсірудегі ауданның ең жоғарғы көрсеткіштері 1991 жылға келеді. Ірі қара – 22303, қой-ешкі – 225406, жылқы – 13243 басқа жеткен. Әрі қарай, Кеңес үкіметі құлап, кеңшарлар тарап, жекешелендіру реформасы жүзеге асып, экономикада қиындықтар туындаған кезеңде мал саны күрт төмендеп кетті.
Шөл және шөлейт аймақта орналасқан Ақадыр өңірінің мал шаруашылығының дамуы ертеректе кеңес заманының тұсында да көзге түскен болатын. 1948 жылы ауданның қой шаруашылығында шопандар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендігін білеміз. Әбду Қайқыбасов әкеміз «Шет-Жарық» ауыл шаруашылығы артелінің шопаны болды. Ол ен далада қоралы қойды жарты ғасыр бойы бақты. Атақты шопан Ә.Қайқыбасов мекендеген «Ақшатау» совхозының қойы 80-ші жылдардың аяғында 12 есе көбейіп, 30 мыңнан асты. Әбду Қайқыбасов 1960 жылы әрбір 100 саулықтан 120 қозы алды. Әр қойдан 3 килограммнан жүн қырықты. 1948 жылы «Қарасаз» колхозының аға шопаны Имаш Қуанышбаев 410 қазақы саулық қойдан 504 қозы алып, қозылардың салмағын орта есеппен 41 келіге жеткізген. Және «Қызыл-Өркен» ұжымының, кейін «Қарабұлақ» кеңшарының шопаны болған Бегім Беркімбаев үшеуіне 1948 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. «Орақ және балға» алтын медалі мен «Ленин» ордені қоса тапсырылды.

Боранбай ЖҰМКИН,
Шет ауданының
Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері, ауыл шаруашылығы
саласының ардагері.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button