Жаңалықтар

Шавкат Рахмонов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ домендік цехында шойын сынамасын алды

WMMAA бойынша қазақстандық атақты аралас жекпе-жек шебері, әлем чемпионы Шавкат Рахмонов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатына барды.

Шавкат Рахмонов – жартылай орта салмақта UFC демеушілігімен өнер көрсететін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері. Аралас жекпе-жектен әлем чемпионы және Азия чемпионы болған спортшы жастарға үлгі, нағыз аңыз адам.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауында болғанда аралас жекпе жек шебері Шавкат Рахмонов секілді мықты атлеттердің жеңіске деген ерік-жігері мен жетістігі өскелең ұрпақты жігерлендіретінін, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратынын айтқан болатын.

Шавкат Рахмонов елдегі ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың біріне барып, шойынның қалай жасалатынын көруді көптен бері армандаған.

Чемпионға мұндай мүмкіндікті «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы ұсынып, қамтамасыз еткен.

Алдымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Владимир Яблонскиймен кездесу өтті. Владимир Иванович қонаққа компания, еншілес кәсіпорындар және жетістіктер туралы айтып берді.

– Біздің компания – тұрақты кәсіпорын. Компанияның өмірлік циклінің кез-келген кезеңінде, мейлі ол өсу немесе дағдарыс болсын, комбинатта жұмыс істейтін адамдар тұрақтылықты сезінеді. Себебі, біздің командада өз ісін білетін және жақсы көретін мамандар жұмыс істейді. Шавкат, сіз, мықты спортшы әрі чемпион ретінде жеңістердің қандай қиындықпен келетінін жақсы білесіз. Біздің кәсіпорында да көптеген спортшылар жұмыс істейді. Бір кездері мен өзім самбомен айналыстым және спорт әркімнің өмірінде болуы керек деп санаймын, – деп атап өтті Владимир Яблонский.

Қарағанды өңірін Шавкат Рахмонов өз туған жеріндей көреді. Өйткені спортшы мұнда ұзақ уақыт тұрып, жаттыққан. Ал, Қазақстандағы ең ірі металлургиялық зауытқа бару ол үшін үлкен құрмет болған екен.

– Қарағанды жері таланттарға өте бай. Әсіресе мұнда көптеген спортшы чемпиондар тәрбиеленіп шыққан. Дәл осы жерде спортшы бойға сіңіруі керек мінез құлық пен рух бар, – деп атап өтті Владимир Яблонский.

Чемпионға тағы бір тосын сый ретінде арнайы медаль табыс етілді. Бұл марапат спорттан алған жетістігі болмаса да, чемпион компанияның арнайы сыйлығын солардың қатарында бағалайтынын алға тартты.

«АрселорМиттал Теміртау» басшылығымен кездесуден соң, кәсіпорын қызметкерлері мен олардың балалары чемпионмен жеке жүздесіп, суретке түсіп, қолтаңба алды. Спортшыны көрген кішкентай жанкүйерлері қуаныштарын жасыра алмады.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатына жасаған достық сапары туралы Шавкат Рахмонов құрметті қонақтардың арнайы кітабына естелік жазба қалдырды.

Одан соң киімін ауыстырып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өткен Шавкат Рахмонов №3 домна пешіне келіп, шойын сынамасын алды. Бұл процесс, чемпионның өзі айтқандай, керемет сезім қалдырды.

Бірақ спортшы сұлулықты, масштабты ғана емес металлургтің еңбегі ең ауыр жұмыстардың бірі екенін мойындады.

– Теміртау қаласындағы мұндай ірі металлургиялық зауытта мен бірінші рет болып отырмын. Домна пешінің қалай жұмыс істейтінін көру, металлургтермен әңгімелесу өте қызықты әсер қалдырды. Дегенмен комбинаттағы жұмыс ауыр. Мұнда жоғары температура мен үздіксіз өндіріс жүреді. Бүгін мен шойын сынамасын алып көрдім. Бұл оңай жұмыс емес екен. Зауытта нағыз мықты адамдар жұмыс істейді – деп атап өтті чемпион.

Шавкат Рахмонов металлургтің жұмысы спортшылардың еңбегіне ұқсас еңбек екенін де алға тартты.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button