Мәселе

Шашылған қоқыс, шарасыз халық

Қарағандының көшелері қоқысқа толы. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде шашылған плас­тиктерден аяқ алып жүре алмайсыз. Шаһарға келген қонақтардың да айтатыны – осы. Одан арылудың тиімді жолы әзірге менмұндалап тұрған жоқ. «Ай сайын 403 теңге (бір адамға) төлемін жасап отырмыз» дейтін тұрғындар қоқысты уақытында алып кетпейтін «Горкомтрансқа» өкпелі.

Ірі қоқыс қалдықтарына кім жауапты?

Тұрғындардың күндіз-түні мазалауынан «қажыған» болуы керек, «Горкомтранс» әкімшілігі бізге жауап беруге «қиналды». Гүлдер-1 мөлтек ауданындағы №12, 17 үй тұрғындарының қоқыстың дер уағында әкетілмейтініне наразы екенін айтып хабарласқан едік, ол аймақта «КамАЗ»-бен тасымалдауға және тиеуге мүмкін емес қалдықтар бар екенін айтты.

– Көгалдандыру ережесіне сәйкес құ­рылыс қалдықтары, ірі көлемдегі жиһаздар арнайы көлікпен және тұрғындардың өз күшімен полигонға тасымалдануы тиіс. Қоқыс таситын «КамАЗ» көліктері үлкен ауқымды қоқыс түрін тасымалдауға және тиеуге арналмаған. Кей жағдайда ірі көлемді қоқыс үшін көлік бұзылады, – деді «Горкомтранс» әкімшілігі.

Олардың айтуынша, қоқыстарды кон­тейнердің ішіне салмаса, тау болып үйілген алаң жасалады. Қоқыс тасымалдаушының қалдықтарды өз қолымен жинауына тура келеді.

– Кейде ауыр көлемдегі жиһаздарды, металдарды көтеруге тура келеді. Денсаулыққа, әсіресе, белге зияны көп. Осыған төленетін жалақы – 150 000 теңге,– дейді мекемедегі қоқыс тасымалдаушы Айдын Сапарұлы (аты-жөні өзгертілген).

Айдынның сөзіне сүйенсек, Қарағандыда ірі көлемді қоқысты таситын полигондардың да саны аз. Экология департаменті мамандарының мәліметінше, өткен жылы облыс аумағынан 202 полигон анықталыпты. Іс жүзінде оның 52-сі заңдастырылған. Ал, 150-і заңдастырылмаған. Полигондар мен үйінділерде жинақталған қоқыс қалдықтарының көлемі 10 мың тоннадан асып кеткен.

Қарағандыда сондай-ақ, мекемеге қатысы жоқ құрылыс қалдықтарын шығару қызметі немесе таңдалған маманның бір сағат жұмысының құны 12 000 – 18 000 теңге аралығында. Биылғы маусым айының дерегіне сүйенсек, респуб­лика бойынша қоқыс шығарудың орташа тарифі бір адам үшін 403 теңгені құрады. Өткен жылғы мау­сыммен салыстырғанда тариф 31 пайызға өскен.

 

Контейнерлер неге аз?

– Қосымша контейнерлерді қашан жеткізетіндері белгісіз. 150 пәтерлік үйге үш контейнер қойылған. «Волна» дүкені, кеңселер бар, маңайда адам көп. Оған қоса, қоқыс алаңынан екі метр жерде балалар ойын алаңы бар, – дейді Лобода көшесіндегі 14-үйдің тұрғыны Катерина Ивановна.

Тұрғындар сондай-ақ, «пластик, металл, шыныны бөлек сақтауға арналған контейнерлер барлық жерге қойылуы тиіс» дейді. Ескерткен белгінің болмауынан олар тұрмыс­тық қалдықтарды қалай болса солай лақтырады.

«Горкомтранстың» шебері Марина По­­тешкинаның айтуынша, қоқыс жәшіктерінің саны «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасына» сай.

– Қоқыс жәшіктерінің саны тұрғындар санына сай есептеледі. Тұрғындар үйде қанша адам тұратынын жасырады. 5 адам тұрса 2-еу деп көрсетеді. Қалдықтардың шамадан артық шығып, контейнерлерге сыймауының бір себебі – осы, – дейді Марина Николаевна.

 

Қоқысты түнде әкету заңға қайшы ма?

«Горкомтранс» «Камаз»-дары контейнерлерді түнде әкетеді. Заң өкілдері Әкімшілік кодексінің 437-ші «Тыныштықты бұзу» бабы оған тыйым салатынын айтады.

– Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерция­лық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – дейді қаланың Оңтүстік-Шы­ғыс полиция бөлімінің учаскелік қыз­меткерлері.

– Күнде кешке 40 минут терезенің астында тарс-гүрс дыбыстар шығады. 2-қабатта тұрғандықтан, мазаны алады. Бұл шектен шыққандық, – дейді Степной-2 мекенжайының тұрғыны Әлібек Әбдуәлі. «Қо­қысты түнде таситын» «Горком­транс» әкімшілігінің айтуынша, Степ­ной-2,3,4 ауданына шығатын көліктердің біразы қазіргі таңда бұзылып тұр.

– Қоқыс таситын көліктер кезекшілік бойынша жұмыс істейді. Түнгі ауысымда жүргендер тұрғындардың мазасын алмау үшін дыбыс сигналдарын беруді тоқтатты. Қоқыстың уақытында тасымалданбауы аулаларда ретсіз қойылып, бізге қолайсыздық тудыратын көліктердің кесірінен. Түнде алып үлгермесек, міндетті түрде күндіз алып кетеміз, – дейді Марина Николаевна.

Қарағандының қоқысы қоғамдық проблемаға айналғалы қашан?! Қаланың шеткі аудандарын айтпасақ та түсінікті. Тұрғындардың қоқысты бөлек жинау мәдениетінен күдер үзген «Горкомтранс» әкімшілігі:

– Қаланың жан-жағы қоқыс. Полигондар да толып тұр. Ал, тұрғындар үшін бәріне «Горкомтранс» жауапты. Қала әкім­дігінен осы мәселеге назар аударып, ҚСК қызметкерлеріне, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраймыз, – деген уәж айтады. Кімнің талабы орынды?

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button