Бас тақырып

Шаруаның тәуірі – шина жасау

Бір дәуірде Сарандағы резина-техникалық бұйымдар зауыты дүрілдеп тұрды. Әйтсе де, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тоқырауда бұл өндіріс те шашылып қалды. Тәуелсіздік игілігі дерміз, кейінгі жылдары ел билігі Саранның сол даңқты дәуренін қайтаруға білек сыбана кірісті.

Индустриялық алаң құрылып, бірнеше кәсіпорынның қазығы қағылды. Қазір жұмысын бастап кеткендері де бар. Мәселен, екі жыл бұрын QazTehna машина жасау зауыты іске қосылды. Ал, KamaTyresKZ зауытының сейсенбі күні конвейерден түскен алғашқы шинасын береке-құттың қадасы деп таныдық. Өрге ұмтылған даму дөңгелегіне баладық.

Кәсіпорын Қоян жылының жазында толық қуатына шығуы тиіс. Жылына 3,5 миллион шина өндіруге қауқарлы.

«KamaTyresKZ» ЖШС – Қазақ¬стан-Ресей әріптестігінің жемісі. Яғни, татарстандық «Татнефть» пен қазақстандық «AllurTyres» компанияларының ортақ алаңы.

Жобаға 171 млрд. теңге инвестиция тартылды. Былтыр сәуір айында зауыттың іргетасы қаланды. Небары 16 ай ішінде бой көтерді. Мамандар рекордтық мерзімде тұрғызылғанын айтып, таңдай қағуда.

Алғашқы өнім алу салтанатына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Татарстан Президенті Рустам Минниханов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов және «Allur» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысты.

Роман Склярдың айтуынша, Сарандағы зауытқа дейін де Татарстанмен біріккен бірнеше жоба жолға қойылды. Және аталған өндірістер отандық автоөнеркәсіпке демеу болуымен қатар, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалына да оң ықпал етуде.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. Он жеті жыл бұрын Көкшетауда «Кам¬АЗ» зауыты тұрғызылды. Қостанайда автобөлшектер жасау кәсіпорны салынуда. Бүгін, міне, шина зауыты. Бұл жобалар өнеркәсіпті дамытуда да, моноқалаларды өркендетуде де маңызды. Саран қаласының мыңнан астам тұрғыны жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, зауыт автомобиль өнеркәсібінің де, тұрғындардың да сұранысын қанағаттандырады. Өнім көлік құрастыруда пайдаланылады. Нәтижесінде, отандық үлесті арттырамыз, – деді Роман Васильевич.

Еліміздің әр тарабында Президент тапсырмасы аясында қанат қаққан жобалар баршылық. Бұл тұрғыда шетелдік инвестициялар маңызды рольге ие. Мемлекет басшысы инвестиция есебінен жергілікті өнеркәсіпті аяғына қаз тұрғызып, импортты алмастыруды көздейді. Сайлау¬алды бағдарламасында да «Елдің өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны күшейеді. Ел ішінде тиімді индустриялық тізбек құру жұмысы қолға алынады. Мұнда бірте-бірте неғұрлым терең өңделген өнімдер шығарылады» деп, нақты мақсатты көрсеткен еді. Өз сөзінде Рустам Нұрғалиұлы да Қазақстан билігінің қолдауын жоғары бағалады.

 Өздеріңіз көріп тұрғандай, қысқа мерзімде зауыт құрылысы тәмамдалды. Айтарым, зауыт – біздің бірлесе түзген жоспарымыздың алғашқы бөлігі ғана. Алдағы жоспарымызда инженерлік-техникалық бұйымдар мен ірі габаритті шиналар кәсіпорнын ашу ісі тұр. Бұл жетістікке Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалдың, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында қол жеткіздік, – деді Татарстан Президенті.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жобаға мұрындық болып, атсалысқан инвесторлар мен құрылыс ұйымдарына, еңбек адамдарына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, салтанатты рәсімде серіктес компаниялардың басшылары – Наиль Маганов пен Андрей Лаврентьев зауыт құрылысына қатысқан мамандарға Алғыс хаттар тапсырды. 

Еңбегі еленіп, мерейі өскендердің бірі – Дастан Темірбек. Жас жігіт – Саран қаласының тұрғыны. Алғашқы кірпіш қаланған күннен осында жүр.

– Зауыт құрылысы басталғаннан-ақ келіп, тізімге жазылдым. Татарстанның Нижнекамск қаласына оқуға жіберді. Бір жарым жыл вулканизатор мамандығын егжей-тегжейлі үйрендім. Әр кәсіптің өз қиындығы бар ғой. Бірақ, қиындықтан қорықпаймын. Еліміздің, өзіміздің өндірістің өркендеуіне титтей де болса үлесімді қоссам деймін, – дейді Дастан.

Былтырдан бері Нижнекамскіден Дастан сияқты 97 маман тың саланың қыр-сырын меңгеріп оралды. Серіктестік директоры Александр Смышляев қазір де жүзден астам адам оқуда екенін айтады.

– Зауыт келесі жылдың ІІІ тоқсанында өндірістік қуатын еңсереді. Сол кезде мұнда 1125 адам жұмыспен қамтылады. Әзірге, зауыттың өндірістік жабдықтармен жасақталуы 60 пайыздың маңайында. Шет елдерден қажет техниканың келуін күтіп отырмыз. Сондықтан, қазір 360 адам еңбек етеді. Оның ішінде, 155 қызметкер – Нижнекамскіде, – деді Александр Валентинович.

Үш жарым миллион шинаның үш миллионы – жеңіл көлікке, 500 мыңы арнайы техника, жүк көліктері мен автобустарға тиесілі. Жеңіл көлік шиналарының диаметрі 13-тен 20 дюймге дейін барады. Әзірлеу үшін көп уақыт қажет емес. Мәселен, 20 дюймдік дөңгелек 16 минутта дайын болады.

Бастапқыда шикізат Татарстаннан тасылады. «Татнефть» қамтамасыз етеді. Дегенмен, 2025 жылы ол өнімнен бас тартуға мүмкіндік бар. Александр Валентинович Атырауда мұнай өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатқанын айтады. Екі жылдың мұғдарында аяқталмақ. Яғни, келешекте өндіріске керек синтетикалық каучук Атыраудан алынады.

Директордың сөзіне сүйенсек, бастысы – зауыт ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандырады. Сырттан импорттаудың қажеті жоқ. Тіпті, экспорт мәселесі де күн тәртібінде тұр. Екі-үш жылда отандық көлік өнеркәсібінің им-портқа жаутаң күні келмеске кетуі тиіс. 

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.
Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК.
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button