«Шахтер» шаң қауып тұр
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Қазақстан Премьер-Лигасының 17-турында «Атырау» командасымен сырт алаңда кездесу өткізіп, жеңіліске ұшырады.
Кездесу «Мұнайшы» стадионында өтті. Ойын 1:0 есебімен аяқталды. 27-минуттағы жалғыз голды Беларусь шабуылшысы Николай Сигневич жерлестеріміздің қақпасына соқты. Ойынның 85-минутында ресейлік легионер, «Шахтердің» қорғаушысы Лионель Адамс ойын ережесін бұзғаны үшін қызыл карта алды. Бұл жығылған үстіне жұдырық болды.
«Шахтердің» жеңіссіз ойыны сегіз матчқа дейін созылғаны өкінішті, әрине. Қарағандылықтардың еншісінде 16 кездесуден бар-жоғы 8 ұпай ғана бар. Осылайша, кеншілер өлкесінің үкілі үміттері Қазақстан Премьер-Лигасында әлі күнге ең соңғы 13-ші орында келеді…
Бұл ойын жөнінде Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Павел Евтеев өз пікірімен бөліскен.
– «Атырау» құрамасы турнир жағдайына сүйене отырып, чемпионатта «Шахтер» командасын жеңуі керек еді. Қарағандылық командаға ұпай жинау өте қиын болды. Олар келесі тур ойындарында тікелей бәсекелестері «Жеңіс» және «Тұран» командаларымен шеберлік сынасады. Менің ойымша, бұл Премьер-Лигада қалу құқығы үшін қызу ойын болатын сияқты. «Шахтер» клубына өте қиын болғалы тұр, – деді Павел Евтеев.
Сонымен қатар, «Шахтер» командасы бұған дейін шымкенттік «Ордабасыға» да есе жіберген-ді.
Ол ойын да өте тартысты өткен. Кездесудің 14-минутында Сергей Малый ереже бұзып, ойыннан шеттетілді. Екінші бөлімде Милани Джокич есепті теңестірді. Бірақ, қарсыластар шеберлік танытып, есепті еселей түсті. Ал, Дмитрий Лисакович алыс қашықтықтан соққы жасап, есе қайтарды. Бұл жеңісті жұлып алу үшін аздық қылды. Осылайша, 2:3 есебімен Александр Седневтің шәкірттері жеңіске жетті.
Турнир кестесінде «Ордабасы» командасы 29 ұпаймен екінші орында тұрған «Ақтөбе» мен соңғы орындағы «Шахтер» командаларын сегіз ұпаймен басып озды.
«Шахтер» командасы аутсайдер есебінде соңғы орында келеді. Енді жерлестеріміздің тағдырын алдағы ойындар шешпек.
Аружан СЕРІКБАЙ