«Шахтер» – 6-шы сатыда
Ел чемпионатының ХХVІІ турында «Оқжетпесті» қабылдаған «Шахтер» 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның 35-ші минутында айып алаңындағы дөрекілігі үшін көкшетаулық Ренат Абдулин алаңнан қуылды. Сөйтіп, «Оқжетпес» қақпасына айып добы белгіленді. Ал, допты тепкен Милан Стоянович мүмкіндікті мүлт жібермеді. 1:0.
76-шы минутта қарағандылық Якуб Хлебоун есепті еселеді. Баспен ұрып, және бір допты қақпаға тоғытты. 2:0.
Көкшетаулықтар да қарап жүрмеді. Матч тәмамдалуға төрт минут қалғанда Әлібек Бөлешов 11 метрлік айып добын дәл соқты. Ойын қорытындысы 2:1. «Шахтер» осы тур нәтижесінде турнир кестесінде 6-шы сатыға көтерілді. Қоржында – 30 ұпай.
Үздіктер көшін «Қайрат» бастады. 62 ұпай. «Астана» 60 ұпаймен екінші сатыға сырғыды. «Ордабасы» – бұрынғыдай үшінші. 49 ұпай.
«Шахтердің» келесі қарсыласы – оралдық «Ақжайық». Ойын 24 қыркүйекке белгіленген.
Нұрқанат ҚАНАФИН