Шахназе және шабыт
Қарағандылық қобызшы қыз Golden Time Talent халықаралық онлайн-байқауында I орын жүлдегері атанды. Ол – Бұқар жырау ауданының жиырма екі жастағы өнерпазы Шахназе Ілиясова.
Жеңімпаз жерлесіміз алдағы уақытта ел намысын Ұлыбританияда қорғамақ. Оның жеңіске деген сенімі мол. Тіпті, қазіргі тынымсыз дайындығы да сол байқаудың жүлдегері болуының бірден-бір кепілі.
– Өткен байқауда алғашқы шығарманы орындау кезінде маған оркестрдің орнына фортепиано қатты көмектесті. Соның сүйемелімен менің орындауым әсерлі болды. Жалпы, байқауға жіберген үш бейнеролигім де қаралымды көп жинады. Бағыма орай Лондонға жолдама алдым. Әрине, шетелге баруға, ондағы музыка мәдениетін тануға ерекше құмармын. Алайда, қаражат жағы қиындық тудырады. Себебі, ол жаққа ұшу ақылы, сахналық бейнені ойластыру керек. Міне, осының барлығы қаржыға кеп тірелері сөзсіз, – дейді жас қобызшы.
Шахназе Ілиясова – Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінің тумасы. Әуен мен күй оның бала кезден жолдасына айналған. Анасының қолдауымен алғаш қобыз мектебінің табалдырығын аттағаннан-ақ ол бұл аспапқа ерекше көңіл бөлді. Содан бері Шахназе өзінің сүйікті аспабымен әрдайым бірге және әртүрлі республикалық және халықаралық конкурстарға, қайырымдылық концерттеріне қатысып, шығармашылығын шыңдап жүр. Ол – Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің түлегі.
Golden Тime Тalent байқауына бойжеткен қашықтан қатысты. Ол байқауға үш түрлі шығарманы – Арман Жайымның «Прима қобызға арналған оркестрмен концерт», Сергей Прокофьевтің «Монтекки және Капулетти» және Джой Хисаисидің One Summer’s Day әуенін орындаған бейнежазбаларды жіберген болатын.
Бүгінгі күні Шахназе Ботақарадағы «Руханият» қосымша білім беру орталығында қобыздан дәріс береді. Оның 10-нан астам тәрбиеленушісі бар. Бұдан бөлек, Шахназе – шығармашылық және музыкалық байқауларда біршама жетістіктерге жеткен талант иесі.
Ол – республикалық конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, сондай-ақ «Сибирь зажигает звёзды» жобасы шеңберінде халықаралық конкурс-фестивальдің I дәрежелі лауреаты атанған.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz