Жаңалықтар

Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрі қызметіне қайта тағайындалды

Серік Мақашұлы Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметіне қайта тағайындалды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет министрліктен

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Мақашұлы Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Серік Жұманғарин бұл қызметке алғаш рет 2024 жылғы 21 желтоқсанда тағайындалған. Оған дейін 2023 жылғы қыркүйектен бастап Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Ал 2022-2023 жылдары Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі болды.

Серік Жұманғарин 1969 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Мәскеу энергетика институтын, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолында Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетін басқарды. 2017-2019 жылдары Ұлттық экономика вице-министрі болды. 2019-2020 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі – министр қызметін атқарды.

2020-2022 жылдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болды. 2022 жылы Үкімет құрамына кіріп, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі қызметіне тағайындалды.

Қазіргі қызметінде Серік Жұманғарин макроэкономикалық, бюджет және салық саясаты, мемлекеттік жоспарлау, тарифтік саясат, инвестициялар, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ экономиканы демонополизациялау бағыттарын үйлестіреді.

Диас СЕРІКҚЫЗҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button