Бас тақырып

Сенімді серпілткен сегіз бағыт

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға Премьер-Министр, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, парламенттік фракциялардың жетекшілері, сондай-ақ Парламент палаталары, облыстық және аудандық мәслихаттар төрағалары қатысты.

«Сөзден іске көшетін мезгіл жетті»

«Елдегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек» деген Мемлекет басшысы нақты іс-шараларға баса мән беру керектігіне тоқталды.

– Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы мақсатта Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты нарықтық экономикаға көшу керектігін айтады.

– Біз өте қиын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Дәстүрлі экономикалық және логистикалық байланыстардың үзілуі рекордтық инфляциямен, әлемдік экономиканың баяулауымен, мемлекеттердің қарыз ауырт­палығының өсуімен қатар жүреді. Сауда кедергілері көбейіп, мемлекеттер арасында өзара сенімсіздік артып келеді. Мұның бәрі – жаңа қалыпты жағдай, керісінше – аномалия, әлемдік экономика. Табиғи аннуитет енді елдің әл-ауқатының тұрақты көзі болып табылмайды, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол үшін еліміз мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Бірақ, істен сөз көп екенін айтады Мемлекет басшысы. Дереу іске көшу керек. Олай болмаған жағдайда әлем экономикасында көш соңында қалуымыз мүмкін.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдеріне ерекше тоқталды.

– «Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылу керек. Есесіне елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн. Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады, – деген ол «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керектігін де айтты. Бұл өз кезегінде өз күшіне сенген, мемлекетке алақан жаймайтын мықты кәсіп иелерін қалыптастырмақ.

Кеңес отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы азық-түлік бағасына ерекше тоқталды. «Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр» деген ол ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқтығы азық-түлік инфляциясының басты себебі екенін атады. Оның артында импортқа тәуелділік те бар. Тіпті, сыбайлас жемқорлық схемалары да үнемі анықталуда.

Агроөнеркәсіп кешенін айтқанда Президент субсидия жайын да айта кетті.

– Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал, қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны, – дейді ол.

«Халықтың табысы құнсызданып жатыр»

Бұл да – Президенттің кеңесте айтқан сөзі. Ал, табысы құнсызданған халық несие алуға мәжбүр. Мұндай жағдай болашақта банктердің өзіне де қауіпті болмақ. Ал, өз кезегінде отандық банктер бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауы тиіс.

Кеңесте айтылған үшінші мәселе – макроэкономикалық саясат. Соңғы бес жылда, тіпті, бюджетке 30 триллион теңге кем түскен. Сәйкесінше, салық саясаты ынталандырушы және икемді болуы керек екеніне де тоқталды.

– Қазір жаңа Бюджет Кодексі дайындалып жатыр. Осы ретте бюджет ережелеріне және оны мүлтіксіз сақтау қажеттігіне назар аударғым келеді. Мұндағы ең басты қағида – көрпеге қарай көсілу. Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет, – деген Президент бұл ақша болашақ ұрпақтың қаржысы екенін қадап айтты.

Экономиканы монополиядан арылту кеңесте қаралған төртінші мәселе. Бүгінде нақты жұмыстар жасалып, нәтижесін де бере бастаған. Елімізде құрылған мекемеаралық комиссиялар заңсыз шығарылған активтерді қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру, адал бәсекелестікке жағдай жасаулары керек. Бұл – жаңа экономикалық саясаттың басты қағидаттары болмақ.

– Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек. Барлық қаражат толығымен экономиканы дамытуға жұмсалуы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз, – деді Президент.

Президент бесінші мәселеде бірінші кезекте коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты түбегейлі қайта құру қажеттігін айтты. Мәселен, жылу-электр орталықтарының жартысынан көбі – қауіпті аймақта. Кейбір қалаларда тозу деңгейі 80% болса, елдегі жылу желілерінің орташа тозуы – шамамен 54%. Президент егер тарифтерді біртіндеп көтермесе, барлық қалалар мен ауылдар инфрақұрылымсыз қалатынын айтты. Бірақ, тарифті көтеру бірте-бірте жүзеге асырылуы тиіс. Ал, қымбаттаудан түскен қосымша қаржы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалады. Бұл мәселе жанар-жағармай бағасының қымбаттауына да байланысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін» екенін де айтты.

– Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұ­раныс 50 пайызға артады. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе, – дей келе, үнемшіл болу керектігіне тоқталды.

Су мәселесі де жылу мәселесі тәрізді. Гидротехникалық нысандар әбден тозған. 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар.

– Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жәйттің алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс. Апаттық жағдайда тұрған және қараусыз қалған нысандарды бақылауға алу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап көрсеткен келесі проблема – қалалардың жағдайы. Бұл мәселемен әкімдер айналысуы тиіс. Одан бөлек, мүлік иелерінің қоғамдастығына өтуде қатты қателестік деген Мемлекет басшысы бұл асығыс қабылданған шешім дейді. Сондықтан, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатында әкімдер Үкіметпен бірлесіп, тығырықтан шығу керек.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент деңгейіндегі емес тағы бір мәселеге тоқталды. Ол бұралқы иттерге қатысты аймақтардан келіп түсетін шағымдар.

– Біз жануарларға мұқият болуы­мыз керек, бірақ олардың адам­дарға, әсіресе, балаларға шабуылдауына жол бермеуіміз керек. Бар­лығыңыздан шара қолдануды сұраймын, – деді Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты.

Ұлт қауіпсіздігі ұранмен шешілмейді

Алтыншы мәселе – ұлттың денінің сау болуы мен сауатты болуы. Бұған қатысты Президент ден­саулық сақтау саласындағы ше­шімін таппаған мәселе көптігін айтып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деген үмітін де жасырмады.

Ал, білім саласына қатысты ақ­парат бойынша Қазақстан білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде 50-60-ыншы орыннан көтерілмеген.

– Оқушылардың ҰБТ-дан алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады,– деген Қасым-Жомарт Тоқаев алған білімді объективті ба­ғалау туралы ойлану керектігін де айтты.

Президент бала қауіпсіздігін, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін де айтты отырыс барысында. «Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек» дейді ол.

Жастардың жағдайы да – Президент назарында. Ол үшін Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілсе, оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін қадап айтты. Ал, жастар кәсіпкерлігі үшін 40 миллиард теңге бөлінген. Оны қадағалау да әкімдердің тікелей міндеті.

Жалпы, Президент осы кеңес барысында барлық деңгейдегі әкімдерге жүктелер міндетті қадап көрсетті. Ауыл әкімдері де бұдан тыс қалмайды. Мәселен, жетінші мәселеде ауылдық өңірлерде табыс пен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстау қажет болса, Үкімет дайындаған Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыру үшін әкімдер барлық шараны қолданулары керек.

– Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Сондай-ақ, мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сегізінші мәселе – мемлекеттік басқаруды түбегейлі жетілдіру.

– Біз министрліктерден әкімдіктерге функцияларды беруді көздейтін әкімшілік реформаның екінші кезеңіне кірістік. Шешімдер адамдарға және олардың сұраныстарына жақын жерде қабылдануы керек, – дейді Президент. Сәйкесінше, жергілікті өзін-өзі басқару әлеуетін күшейту қажет. Бұл тұрғыда көп нәрсе жаңадан сайланған мәслихаттардың жұмыс сапасына байланысты.

Президенттің айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде 163 құжат бар. Оның әрқайсысы орташа алғанда 40 іс-шараны қамтиды. Тіпті, 2010 жылдан созылып келе жатқан тапсырмалар да бар екен.

– Мен соңғы кездегі жаһандық үрдістерді ескеріп, 2050 – Стратегиясын жаңартуды тапсырдым. Бұл ұзақ мерзімге арналған құжат болуға тиіс. Онда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар айқындалуы керек. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары өзектілігін жоғалтты деп ойлаймын. Сол себепті жаңа құжат әзірлеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тың тәсілдері қажет екеніне де тоқталды. Ол үшін тиісті стратегияны заман талабына сай қайта қарау керек. Сыртқы саясат тұжырымдамасы да жаңартылуға тиіс.

– Қазір – ерекше тарихи кезең. Ғылым мен технология ғана емес, қоғамдық қатынастар да түбегейлі өзгеріп жатыр. Мемлекеттердің даму бағдары және басымдықтары басқаша сипат алды. Мұндай кезде батыл әрі жылдам әрекет жасау қажет. Арқаны кеңге салып отыруға уақыт жоқ. Жүктелген міндеттерді орындау үшін дереу іске кірісу керек. Тапсырмалар мүлтіксіз және уақытылы орындалуға тиіс. Әйтпесе, салдары ауыр болады. Реформалардың нәтижесін әрбір азамат нақты сезінуі қажет. Алдағы жұмыстың басты өлшемі – осы! Баршаңызға табыс тілеймін! – деп аяқтады сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button