Бас тақырып

Саясаттың күн тәртібі һәм әлеумет

2023 жылдың қаңтарынан Қазақстан халқы үшін не жаңарды, қандай өзгеріс орын алуы тиіс? Бұл туралы барша БАҚ өкілі заң-зәкүндердегі ел саясаты мен әлеуметтің әлеуетіне ықпал етер жаңалықтарды жариялап келеді. Саясаттанушылардан жұлдызшыларға дейін болжам жасап жатыр. Мемлекет тарихында аса зор маңызды иеленген былтырғы жылдан соң үмітін ертеңге жалғаған бұқараның жаңалық күтіп, елеңдейтін жөні бар. Барыс жылының қаңтарындағы «қатал» сабақтар Қоян жылына не әкелді? Бірқатарына зер салып көрелік…

РЕФОРМА МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ – АЛДА

Қаңтардың алғашқы жұлдызында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин биыл елімізде орын алатын саяси реформалар мен жаңашылдықтарды жария еткені мәлім.

«2023 жылдың саяси күн тәртібін өткен жылдағыдай Президент белгілеген саяси реформалар векторы айқындайды. Алдымен, ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум қорытындыларын іске асыру жалғасын табады. Жыл басынан жаңа институт – Конституциялық сот өз жұмысын бастайды. Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокуратураның конституциялық жаңа статусымен, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бойынша жаңадан Омбудсмен лауазымының құрылуымен бір мезгілде азаматтардың іргелі құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін қабыстырады», – деп жазды Ерлан Қарин Телеграмдағы жеке каналында.

Сонымен бірге, 1 қаңтардан сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне қатысты жаңа өзгерістер күшіне енетінін еске салған Мемлекеттік кеңесші былтырдан басталған жаңа сайлау циклінің одан әрі өрістейтінін жеткізді.

«Бір мандатты сайлау округтері мен тиісті сайлау комиссияларын құру процесі басталды. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері енді өз өкілеттіктерін кәсіби әрі тұрақты негізде жүзеге асыратын болады. Бұл сайлау рәсімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл 2022 жылдың күзінде басталған жаңа сайлау циклі жалғасын табады. 14 қаңтарда Парламент Сенаты депутаттарын сайлау өтеді. Содан соң бірінші жартыжылдықта саяси жүйені ілгерілемелі қайта жүктеудің президенттік жоспарына сәйкес Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтуі тиіс. Алдағы сайлау науқаны мүлдем жаңа ережелер мен нормалар бойынша өтетінін атап өткен жөн», – дейді Мемлекеттік кеңесші.

Оған қоса, биыл аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлануы қанатқақты жоба ретінде жүзеге аспақшы.

«Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғаспақ. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жоспарланып отыр. Сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтиды. Осылайша, 2023 жыл өткен жылға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ. Ең бастысы – Президенттің жаңғырту бағдарламасын үдемелі іске асыру жалғасуда. Бұл 2023 жылғы саяси күн тәртібінің негізі», – деді Ерлан Қарин.

Осылайша Қоян жылында Қазақстан саясатында сын мен қатерге төтеп берер сындарлы жаңалықтар саясат аренасына шықпақ.

ЭКОНОМИКАНЫҢ ЕҢСЕСІ БИІК БОЛА МА?

Ұлттық банк 2023 жылға инфляцияны 11-13 пайыз деңгейінде болжайды. Үкіметтің болжамы – 7,5-9,5 пайыз шамасында. Ал ЖІӨ өсімі 3-4 пайыз. Дегенмен, 2023 жылы Еуразия даму банкінің сарапшылары өсім 4,2 пайызға артып, инфляция 7,8 пайызға дейін төмендейді деседі.

Сондай-ақ, Халықтық IPO-да күшейе түседі. Деректер «Қазпошта», «Самұрық-энерго», «Қазақстан темір жолын» шығаруға Үкімет мүдделі екенін айтады.

2023 жылғы қаңтардан кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімі іске қосылады. Егер Тізілімде қандай да бір талаптар болмаса, не олар бойынша қайта қарау мерзімі бұзылса, онда бизнес субъектілері оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

1 қаңтардан бастап ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылды. Осылайша, тексерулер мен жаза қолданудан бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, жылдың басынан ұсыну механизмдерін автоматтандыру қамтамасыз етілмеген есеп беруді бизнестен талап етуге тыйым салынды. Сонымен қатар, шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін аралап, тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий бір жылға ұзартылды. Оған қоса, биыл «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енеді.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН НЕ АРТТЫРАДЫ?

Зейнетақы мен жәрдемақының және ең төменгі жалақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі ұлғайды. Атап айтқанда, ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтерілді. Білімді ұрпақ пен әлеуметтің денсаулығы зор болуы үшін «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары жүзеге асады. Бұл саладағы мамандардың да табысы өсе түседі.

Турасын айтқанда, Үкімет дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастыратынын мәлімдеді.

Осы жыл 20-дан астам заң жобасы қабылданатыны туралы бұған дейін ашық ресурстарда құзырлы орындардың жария еткені белгілі. Соның ішінде, Әдеуметтік кодекс те бар. Бұйыртса, биыл бұқараның ахуалын айқындайтын кодекс қабылданады. Ол кодексте ана мен бала, еңбек нарығы, аз қамтылған отбасыларға көмек, мүгедектерді әлеуметтік қорғау және қолдау, зейнетақымен қамтамасыз етуді жетілдіру секілді маңызды әлеуметтік мәселелер қарастырылған. Бұл кодекс әлеуметтік сын-қатер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмек беруді көздейді. Азаматтарға өмір бойы қолдау көрсетеді. Әлеуметтік кодекс жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік қолдауды кеңейту мақсат етіп алынған.

Президент тапсырмасымен отбасыларға Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын бөлу жолымен 18 жасқа дейінгі балалар үшін бастапқы капитал жинау түрінде қосымша қолдау енгізілуде.

Балаға қатысты Қоянның бір жаңалығы – бала тууға мемлекеттік қолдау мөлшері өскендігі. Бұдан басқа, республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады. Биылдан Президенттің тапсырмасы бойынша аналарды әлеуметтік қолдауды арттыру үшін бала күтіміне қатысты төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды.

«Отбасының цифрлық картасы» да осы жылдың озығы. Соның арқасында 2023 жылғы 1 қаңтардан әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі. Яғни, азаматтарға тиісті мекемелерге жүгіну қажет болмайды.

ТҮЙІН

Жыл он екі ай, 365 күнде Үкімет мойнына алған міндеттің бұл бір парасы әрі негізгілері ғана. Мұның сыртында, бұқараның әл-ауқатын көтеруді көздеген әлі де салалық көптеген жобалар баршылық. Біз бүгін тек бастыларын ғана сүзіп алдық. Соның өзі сапалы іске асса, елдің ертеңін жарқын етуге сеп болары және хақ

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button