Саяқ сумен қамтылады

    Балқаш қаласына қарасты Саяқ кентінде өзекті проблемалардың бірі – ауыз сумен қамту мәселесі. Тұрғындар жылдар бойы ауыз судың тапшылығын көріп отыр. Су тәулігіне небары бірнеше сағатқа ғана беріледі. Оған себеп – кентті сумен қамтып отырған «Тоқырау-Саяқ» су таратқышының әбден тозығы жеткен.

Бұл мәселені облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ қатаң бақылауға алды.

Бүгінгі таңда бұл мәселені ең тиімді жолмен шешу тәсілі табылған сыңайлы. Геологтар жер астындағы суға барлау жасап, оң нәтижеге қол жеткізген. Сумен қамту мәселесі келесі жылы тұрақталуы тиіс.

Ерлан Қошанов Саяқ кентінде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты. Аймақ басшысы тұрғындармен де кездесті.

Кентте жерасты суларының қорын зерттеу мақсатында іздеу-барлау жұмыстары өткізілуде. Жоба бойынша тереңдігі 200 метр 20 ұңғыма қазылуы тиіс.

Облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа «Азимут геология» ЖШС мердігер ұйымы 14 ұңғыма қазып, оның сегізінде су табылғанын мәлімдеді.

– Біз бүгін соның біреуіне барып қайттық. Бүгінгі таңда қазылған 8 ұңғымада секундына 10,6 литр су шығатыны расталған. Ол Саяқ кентін ауыз сумен қамтуға жеткілікті, – деді А.Шкарупа.

Облыс әкімі ұңғымадан шыққан судың дәмін татып, пайдалануға келетінін тексеріп көрді.

– Мен жаңа өзім сол ұңғымадан шыққан судан ішіп көрдім. Шынымды айтсам, балалық шағым есіме түсіп кетті. Кезінде біздің құдықтан алып ішкен суымызды еске салды. Сәл тұщылау, бірақ, біз оның сапасын жақсарту үшін тазарту құрылыстарын салатын боламыз. Барлық нысандардың құрылысына келесі жылы 1 млрд. теңге қарастырамыз. Ең бастысы – жер қойнауы мемлекеттік комиссиясының құптауы қажет. Сол шешімге барлығы байланысты болып тұр, – деді Ерлан Қошанов.

Процедуралық жайттар бірнеше айға созылады. Мемлекеттік комиссияның шешімі келесі жылдың жазында шығады деп болжам жасалып отыр.

Алайда, билік басындағылар қол қусырып отырған жоқ. Биылғы жылы облыстық бюджеттен қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған негізгі су таратқышты жөндеу мақсатында 232 млн. теңге бөлінген. Мердігерлер су тарату құрылысының торабын жөндеуге кіріскен.

Жиналыс барысында тұрғындар неліктен Кеңес үкіметі кезінде осылай ұңғыма қазудың орнына Балқаштан құбырлар тартылғанын сұрады. Мамандар бүгінгі күні таңдалып отырған тәсіл анағұрлым тиімді және шығыны да азырақ дегенді айтты. Егер, жаңадан су құбырларын Балқаштан тартар болса, оған шамамен 3 млрд. теңге қажет болады.

– Кеңес кезінде геологиялық барлау компанияларында қазіргідей жағдай мен қажетті құрылғылар болмаған. Олар ең көп дегенде 60 метрге дейін ғана ұңғыма қазып, сол тереңдікте жердің астынан су таба алмаған. Сондықтан, Балқаш қаласынан құбыр тартуға мәжбүр болған. Қазір біз 200 метрге дейін тереңдедік, су табылды, – деп түсіндірді «Азимут геология» ЖШС инженерлік-экологиялық бөлімнің басшысы Наталья Костикова.

Ерлан Қошанов мектепті, жолдарды жөндеу, теміржол қатынасы, кентті абаттандыру мәселелері бойынша тапсырмалар берді. Ал, «Қазақмыс» корпорациясының» басшылығы болса, елді мекендегі қоқысты шығару мәселесін шешіп, ойын алаңдарын салып беруге уәде берді.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.