«Сарыарқа» – үздік үштікте

   Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубы өткен аптада Жоғары хоккей лигасының кезекті екі матчында Воскресенсктің «Химик» командасы мен Тверьдің «ТХК» командасынан басым түсті. Сөйтіп, «Сарыарқа» командасы жанкүйерлер қалағандай өнер көрсетті.

Сырт елдің мұз айдынында жерлестеріміз жеңіс туын желбіретті. Алғашқы болып «Химик» командасымен ойнаған «сарыарқалықтар» бәсекелестерін тізерлетіп, 1:4 есебімен жеңіске жетті. «Химик» командасы алғашқы кезеңде есепті қысқартқандарымен, одан әріге шамалары жетпеді.

Бұдан кейін «Сарыарқа» командасы сырт елдегі екінші кездесуін «ТХК» командасымен өткізді. Өзге елдің мұз айдынында да жерлестеріміз тізгінді қолдан шығармады. Бұл жолы да қарағандылық Даниил Ердаков алғашқы болып қарсыластарының қақпасына шайба салып, есеп ашты. Екінші кезеңнің жиырмасыншы минутында алаң иелерінің қақпасына Иван Фищенко мен Сергей Банашков шайба тоғытты. Ойын барысында Александр Дельнов және Дмитрий Бойчук Қарағанды қаласының командасына шайба салды. Әйтсе де, саннан сапа басым болып, ойыншымыз Евгений Орлов қарсыластардың қақпасынан саңылау тауып, есеп 2:4 болды. Тверліктер жерлестерге бірнеше рет қауіпті соққыларды бағыттағанымен айласын асыра алмады. «Сарыарқа» хоккей клубы осы жолы да жеңіске жетті. Сырттағы екі кездесуде біздің хоккейшілер ерледі.

Енді, «Сарыарқа» Санкт-Петербург қаласында жергілікті «Динамо» командасымен кездесетін болады.

Айта кетейік, Жоғары хоккей лигасының турнир кестесінде Өскеменнің «Торпедо» командасы 89 ұпаймен алдыңғы орында. Ал, «СКА-Нева» командасы 87 ұпаймен екінші орын тұғырынан көрінді. «Сарыарқа» хоккей клубының жинаған ұпай саныда 87-ге жетті. «СКА-Нева» командасы жерлестерімізден соғылған шайба есебімен ғана алға шығып отыр. Үшінші орынға шыққан «Сарыарқа» командасы 42 кездесу өткізіп, оның 29-ын жеңіспен аяқтады. 13 кездесуінде қарсыластарына есе жіберді.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.