«Саран жастары» тұрғын үй-ипотекалық бағдарламасы іске қосылды
Саран қаласында 35 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған жаңа «Саран жастары» тұрғын үй-ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Қалада кемінде бір жыл тұрған, әрі сол қалада жұмыс істейтін жастар осы жеңілдетілген пайызбен ипотека рәсімдей алады. Аталған бағдарламаға құжат тапсырамын десеңіз 25 қазанға дейін уақытыңыз бар.
«Саран жастары» бағдарламасы – Саран әкімдігі мен «Отбасы банкінің» бірлескен жобасы.
– Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, әлеуметтік сала қызметкерлері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор, ТЖМ және «Қазпошта» коммуналдық кәсіпорындарының қызметкерлері қатысады. ҚР азаматтығы және болашақ қарыз алушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы міндетті, – дейді Саран қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын үй қатынастары секторының меңгерушісі Анастасия Геращенко.
Осы бағдарлама аясында қарыз алушы 12 млн. теңгеге дейінгі соманы 6%-бен рәсімдейді. Бастапқы жарнаға үй бағасының 10%-ын құйып, 19 жылға дейінгі мерзімге ала алады.
Үміткерлер төмендегідей құжаттарды тапсыруы қажет.
– Жеке куәлік;
– Азаматтық хал-ахуалды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (неке қию және балалардың тууы туралы куәлік – болған жағдайда);
– Өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама;
– Ресми бланкіде жұмыс орнынан анықтама (ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс);
– Еңбек өтілін растайтын құжат;
– Еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
– Мүгедектік туралы анықтама (бар болса).
Қатысушыларды арнайы құрылған комиссия мүшелері іріктейді.
Құжаттарды 25 қазанға дейін мына мекен-жай бойынша тапсыру қажет: Саран қаласы, Жамбыл көшесі, 65, каб. 7. Qyzmet korsetyshi Akimdik фронт-офисі (қалалық әкімдік ғимараты). Жұмыс уақыты: 09:00-ден 18:00-ге дейін (түскі үзіліс 13:00-ден 14: 30-ға дейін).
Қосымша сұрақтарды мына телефон арқылы қоюға болады: (8-72137) 7-39-14.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz