Жаңалықтар

Сапалы білім – табыс кепілі

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ұлы Дала еліне «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын жария етті. Мемлекет басшысы қай кезде де қазақстандықтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауды басты назарда ұстап келеді. Бұл жолғы Жолдауда да мемлекетті нығайтуда әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды басымдылықтарын жаңғыртып, жандандыру аса қажет екенін баса айтты. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдары ұсынылды. Президент ЖІӨ-нің 10%-ын білім, ғылым және денсаулық сақтау саласына бағыттап, бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады. Айтулы Жолдау әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда «әлеуметтік мемлекет пен ұлттық әл-ауқаттың қазақстандық үлгісін» құру идеясын әрі қарай дамытуға жол ашады.

Бүгінде жастарға ғаламдық өлшеммен білім беру мәселелері стратегиялық маңызға ие. Еңбек нарығын қанықтыра отырып, оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету де аса маңызды. Елбасының пікірінше, экспортқа бағытталған индустрияландыру экономикалық саясаттың басты элементі болуы керек. Осы стратегияны іске асыру үшін экономиканың әртүрлі секторларына жан-жақты білім алған, келешекті кеңінен ойлайтын, отансүйгіштік қасиетке ие жалынды жастарды тарту аса қажет.

Мемлекет басшысы баламалы энергетика, биомедицина, ауыл шаруашылығы, ITтехнологиялар саласындағы ғылыми зерттеулерді жандандыру арқылы экономиканың инновациялық әлеуетін дамытудың маңыздылығын түсіне отырып, осы мақсатқа қосымша 100 млрд. теңге бөлді. Бұл – жоғары оқу орындарының ғылымы үшін қолданбалы зерттеулерді кеңейтіп, олардың нәтижелерін экономикада сынақтан өткізіп, жүзеге асыруға зор мүмкіндік туғызады.

Елбасы Үкіметке халық денсаулығын жақсарту мақсатындағы кезек күттірмейтін мәселелердің оң шешім табуын тапсырды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру халықтың денсаулығының бірден-бір кепілі. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы қоғам үшін өте маңызды – қазақстандық оқушылардың денсаулығына, қабілеттеріне және болашағына мұқият қарау туралы өз ойын білдірді. Әрбір баланың жүрегіне жол табу арқылы ғана, оқу орнында қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз ету арқылы ғана жас өскіннің әлеуетін ашуға болады. Президентіміз қай кезде де ұстаздар қауымына қолдау танытып келеді, осы Жолдауда да мұғалімдердің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына баса назар аударды. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Мұғалімнің мәртебесі туралы» Заң қабылданатын болады, ол бұл мамандықтың қоғамдағы беделін арттырып, ең тәжірибелі, дарынды, өзіндік көзқарасы қалыптасқан мақсаткер жас мамандардың күшті ағынын қамтамасыз етеді.

Бүгінгі күні жұмыс берушілердің сауалнамасы негізіндегі рейтингтік көрсеткіштер мен жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектердің жұмысқа орналастырылуындағы талдаулар университеттің қызметін бағалауда аса маңызға ие болып келеді. Аталған рейтингке бір ғана мысал, ««Атамекен» ҚР ҰКП және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жұмысының аясында жүргізілетін рейтинг бойынша Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Нархоз университеті және ҚБТУ-мен қатар өз мамандықтарының сапасы, өзектілігі мен заманауилығы бойынша ең жоғары баллдарды көрсете отырып, қазақстандық жоғары білім көшбасшыларының қатарына енді. Университет ұжымы Елбасының Жолдауын басты назарда ұстай отырып, жұмыс берушілермен қарым-қатынас жасау арқылы түлектерді табысты жұмысқа орналастыру жолдарын анықтап, бәсекеге қабілетті білім беру бағдарламаларын енгізу арқылы қызметтің осы бағытын нығайтады.

Отандық жоғары оқу орындары үшін Қазақстанда табысты жұмыс істейтін инновациялық университеттердің тәжірибесін жинап, қолдануға мүмкіндік зор. Еліміздегі жоғары мектептің көшін бастап тұрған Назарбаев Университетімен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті арасындағы нәтижелі байланыс заманауи білім беру технологиялары мен бағалау әдістерін оқу орнымыздың жұмыс тәжірибесіне енгізуге мүмкіндік туғызды. Аталған жұмыстың оң нәтиже берері хақ, бұл білімді бағалаудың объективтілігін арттырып, білім алушылардың өзіндік жетістіктерін ескере отырып, оқу үрдісін ұйымдастырудағы ашықтықты көрсетеді.

Президенттің бастамалары сондайақ, жеңілдікті шағын несие арқылы халықтың кәсіпкерлік белсенділігін дамытуға ықпал етеді. Президенттің кредиттік қаражатты пайдалану тиімділігі туралы алаңдаушылығы терең экономикалық талдауға негізделеді. Көптеген жағдайларда қаржы қаражаттарын тиімсіз пайдалану себептері өз бизнесін ұйымдастырғысы келетін адамдардың кәсіпкерлік сауаттылығының болмауы салдарынан орын алады. Жастардың кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру – стартап қозғалысқа студенттерді тарту арқылы «Құқық негіздері және кәсіпкерлік» оқу пәні аясында Қарағанды мемлекеттік университетімен сәтті шешімін тапқан міндеттердің бірі. Университетте стартап жобаларға қатысу арқылы мол тәжірибеге жинаған студенттеріміз болашақта өз істерін бастайды деп сенеміз.

Президент Жолдауында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлердің, қалалар мен ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бастамаларына басымдылық берілген. Мемлекет азаматтардың жарқын болашаққа бастайтын бастамаларын қолдауға дайын. Жоғары оқу орындары жас ұрпақтың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыра отырып, сапалы білім беруді басты бағдарда ұстайды.

Еркін Көбеев,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button