Сапа сараптамадан өтті
Бейсенбі күні Майқұдықтың 17 шағын аудандағы «Южный» сауда орталығында Октябрь ауданының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз тағам таңда» акциясы өткізілді. Ұлттық сараптама орталығы мамандарымен бірлесе жүргізілген экспресс сараптау жұмысына біз де кәуі болып қайтқан едік.
Акция барысында халық тұтынатын тауар өнімдерінің тегін тексеру жүргізілді. Кез келген сатып алушы өз өнімінің қаншалықты қолданысқа жарамды екеніне анық көз жеткізді. Бұл ретте, сауда орталығы қызметкерлерінің танытқан түсінушілігін де айта кетпеуге болмас. Себебі, өз тауарына сенімді сауда орны ғана мұндай акцияға жол берер еді.
Науқан кезінде ішек жұқпаларына шалдығу мен тағамнан уланудың алдын алу бойынша буклеттер таратылып, келелі кеңес берілді. «Ауру – астан» демей ме дана халқымыз. Сатып алған азық-түлікке кей сәтте күмәнмен қарайтынымыз да рас. Ал, сол өнімнің сапалылығын тексере қоятын мамандар қол астында бола бермейді. Сондықтан, аталған акцияның халыққа берері мол. Өз кезегінде тұтынушылар тамақ өнімдеріндегі микробиологиялық көрсеткіштер мен жеміс және көкөністердегі нитрат мөлшерін тексерістен өткізу мүмкіндігі ұсынылды.
Өнімі тездеп өсіп, ақшаға кенеле қойғысы келген кейбір өндірушілер жеміс-жидегі мен көкөнісін көз жауын алатындай етіп ұсынады. Әрине, табиғи жағдайда, ешқандай химиялық қоспасыз өсірсе – құба-құп дер едік. Дегенмен, барлығы біз ойлағандай бола бермейтіні белгілі. Осыған орай, мекеме мамандары нитрат құрамына қатысты 50 көкөніс түрін сараптама жасап, тексерістен өткізді. Бір қуантарлығы – сараптамадан өткен барлық тағам сапасы гигиеналық талаптарға сай болып шықты.
Бұл акция – тұрғындарды сатып алған азық-түлік өнімдеріне, оның жасалу құрамына қырағы болуды ескерту мақсатында ұйымдастырылды. Мұндағы ең бастысы – инфекциялық аурулардың алдын дер едім. Бүгін біз экспресс сараптау жүргізу арқылы өнімдердің қолма-қол сапасын айтып бере аламыз. Бұған дейін біз «Сұрыптау» станциясындағы «Темірлан» базарында өткіздік, – деді Октябрь ауданының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Төлеуханов.
Рауан ҚАБИДОЛДИН