Сананың төңкерісі қажет

Аталмыш мақалаға «Сананың төңкерісі қажет» атты тақырып алуымның өзіндік себеп-салдары әрі үлкен психологиялық астары бар. Неге десеңіздер, келесі мән-жайларға назар салсақ. Алдымен, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал, 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс», – деп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды нұсқаға көшіру қажеттілігіне ерекше назар аударған болатын. Ендеше, Жолдаудағы межеге жету үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жаппай электронды нұсқаға көшіру қажет. Бұл – жай ғана айтылған сөз емес. Мұның артында қарапайым сіз бен біз секілді қызмет-алушыларға түсініксіз, күрделі жұмыс процесі тұр.

Мысалы, аймағымыздың жергілікті атқарушы органдарымен 2016 жылы 5 159 648 мемлекеттік қызметтер көрсетілсе, оның 3 567 925 немесе 69 пайызы, 2017 жылы 5 727 504 мемлекеттік қызметтер көрсетілсе, оның 3 594 578 немесе 74 пайызы, 2018 жылы 7 537 378 мемлекеттік қызметтер көрсетілсе, оның 5 867 919 немесе 78 пайызы электронды нұсқада көрсетілген немесе облыстың тұрғындары, яғни, қызмет алушылар электронды нұсқада қызмет алған.

Бұл орайда, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) ұйытқы болып, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қарағанды облысы бойынша филиалының қолдауымен облыстағы жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілген біршама қарқынды жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда, соңғы үш жылда электронды нұсқада берілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 69 пайыздан 78 пайызға, яғни, 9 пайызға артып отыр. Әрине, көңілге қонымды нәтиже.

Алайда, әлі де болса аймақ тұрғындары мемлекеттік қызметтерді қағаз түрінде немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару арқылы алуды үйреншікті әдетке айналдыруда.

Департаментпен соңғы үш жылда ауыз толтырып айтарлықтай, аймақ тұрғындарына мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды нұсқада алуға бағытталған үгіт-насихат, үйрету, оқыту және тағысын тағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Әлі де болса, сол шаралар тұрақты түрде өз жалғасын осы жылы да тауып келеді.

Айталық, ағымдағы жылдың 7 ақпанында облыс орталығындағы «Достық үйінде» республикадағы алғашқы белсенді ұзақ өмір сүруге бағытталған орталық ашылды. Жаңа орталықта мәдени-рухани клубтар, қазақ, ағылшын тілдерін оқыту сабақтары, кітапхана, компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Зейнеткерлердің денсаулығын нығайту мақсатында құрылған фитнес залы да бар. Мұнда қариялар кез келген уақытта бас қосып, уақыттарын тиімді өткізе алады.

Департаменттің тікелей ұйымдастыруымен әрі «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қарағанды облысы бойынша филиалының қолдауымен соңғысының қызметкерлері тарапынан былтырғы жылдың 26 ақпанынан бастап бір айдың көлемінде, аптасына екі мәрте (сейсенбі, бейсенбі күндері) аймақтағы зейнеткерлерді мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық форматта «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы алуға үйретуде.

Осылайша, еңбегінің зейнетін көріп отырған зейнеткерлер қоғамда болып жатқан өзгерістер мен жаңа бастамалардан құрқол қалмай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының дамуына да өз үлестерін қосуда.

Дей тұра, келесі бір мысалға тоқталуды жөн санаймын. Дұрыс па әлде бұрыс па?! Оған оқырмандар өздеріңіз тиісті бағасын бере жатарсыздар. Мысалы, елу жасты еңсерген кейбір қызметалушылармен тікелей жүздескенде, олар: «Үйімде интернет желісіне қосылған компьютерім бар, қысқасы электрондық форматта мемлекеттік қызметті, әр түрлі анықтамаларды үйден алуға толық мүкміндігім бар, алуды да білем, алып та жүрмін», – дейді. Бірақ, сол анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе мемлекеттік мекемеге барып алсам, сол жерден алынған анықтама заңдырақ деп санайды.

Сондықтан болар, бізге әуел бастан сананың түбегейлі төңкерісі керек-ау шамасы. Елбасының Жолдауымен көзделген межеге жету үшін, осы мақаланы оқып отырған әр оқырман қауым, өзгерістерді өзімізден бастасақ, сананың төңкерісі дегеніміз осы емес пе?!

Егер де, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта, яғни, үйде, жұмыста отырып, «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы алатын болсақ, алтын уақытымызбен қоса қаражатымызды да үнемдер едік. Бұл, ең бастысы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де түбегейлі жоймасақ та, жоюға бағытталған бір қадам болар еді.

Шамасы, бізге мінез керек. Олай дейтінім, француздың әйгілі актері Ален Делоннан біреу: «Сіз – мінезіңіз шатақ адам екенсіз» дегенде, «Ең бастысы – сол мінез менде бар ғой» деген екен. Сондай-ақ, Әлихан Бөкейхан өз заманында, келмеске кеткен Кеңес дәуірінің қылышынан қан тамған саясатымен күресе жүріп, халқына қызмет қылудан жалыққан емес. Керісінше, «Халқына қызмет көрсету – білімнен емес, мінезден», – деп, соңынан ергендерге жол сілтеді.

Ендеше, біздің міндет – халыққа қызмет болса, сіздердікі, құрметті оқырман – «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметке қол жеткізу.

Жандос СӘРСЕНОВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.