Білім

Сала саңлақтарының салтанаты

Қазақстанның оқу-ағарту саласы қызметкерлері мен ғалымдарының съезі алғаш рет 1924 жылы өткені тарихтан белгілі. Съезге көрнекті мемлекет қайраткерлері, «Алаш» партиясының жетекшілері қатысып, оқулықтар дайындау, мұғалімдерді даярлау бойынша техникумдар мен институттар ашу, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшу және т.б. білім берудің өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында мұғалімдер съезі 1998 және 2005 жылдары өткізілген екен. Биыл алғаш рет білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай елордада Республикалық педагогтер съезі өтеді.

Биыл Республикалық педагогтер съезі алғаш рет Үкімет қау­лысымен бекітілген – Мұғалімдер күніне орай 5 қазанда, яғни, бүгін өтеді. Бұл мереке дүние­жүзілік мұғалімдер күнімен сәй­кестендірілген болатын.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, съез аясында арнайы ұйымдастырылған алаңдарда педагогтер озық және халықаралық тәжірибелерімен бөлісе алады. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша оқу, әдістемелік-дидактикалық оқу құралдарының мазмұнын жетілдіру, педагогикалық ресурстың жоғары мәдениетін қамтамасыз ету, сондай-ақ, әрбір балаға білім мен тәрбие беру үшін кедергісіз жағдай жасау мәселелері қаралмақ.

Отырыстың пленарлық бө­лі­гінде үздік педагогтер, сарап­шы-жаттықтырушылар, жас мұғалімдер, білім беру ұйымдарының бас­шылары, білім беру жүйесінің ардагерлері сөз сөйлейді.

Республикалық педагогтер съезінде орта білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінбек. Білім беру сапасын арттырудың тұжырымдамалық аспектілері пленарлық отырыста Оқу-ағарту министрінің «Білім сапасы: жай-күйі және жетілдіру жолдары» баяндамасында жарияланады. Бұл күні еліміздің үздік педагогтерін марапаттау рәсімі де өткізілетінін айта кетейік.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button