Сала майталмандарына құрмет көрсетілді

Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде кәсіби мерекеге орайғ ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Атаулы мерекеде егіс алқаптары мен фермалардың үздік еңбекерлері марапатталып, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК ауыл кәсіпкерлеріне істерін әрі қарай дамытуы үшін табыстады.

Алдымен қонақтарға аграрлық сала жетістіктерінің көрмесі ұсынылды. Әр ауданнан келген кәсіпкерлер азық-түліктің түрлерін, сортты картоп пен дәнді дақылдарды, бөдене еті мен жұмыртқасын, сублимацияланған ұнтақ бие сүтін және тағы басқа өнім түрлерін ұсынды.

Аграрларды кәсіби мерекелерімен құттықтаған аймақ басшысы Жеңіс Махмұдұлы олардың қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.

Ауылдың амандығы – елдің амандығы. Бүгінгі күні ауылдарымыз көркейген, барлық жағдай бар. Бұл аграрлардың еңбегі арқылы келуде. Ауыл – әрқашан біздің материалдық және рухани негізіміз. Қазір ауылдағы сұраныс та басқа. Тұрғындар жолды жөндеуден бөлек, жастар жылдам интернет болғанын қалайды. Олар диплом алған соң туған ауылдарына оралуда. Сондықтан, ауылдың жағдайын жақсарту жалғаса береді. Ол үшін қаражат та, технология да жеткілікті. Ең бастысы, бұл жерде білімді әрі мықты адамдар тұрады, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ауылдағы жағдай жыл сайын жақсара бермек. Елді мекендердің инфрақұрлымын жаңғыртуды мақсат еткен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржыландыру артуда. Келесі жылдан мектептерді жөндеудің бес жылдық бағдарламасы басталады. Сондай-ақ, жолдарды жөндеу бюджеті де ұлғаяды.

Салтанатты шарада ауыл шаруашылығының үздік кәсіпорындары марапатталды. Мәселен, 2019 жылы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартқан «Шахтерское» ЖШС инвестициялық көшбасшы аталды. «Ірі қара мал өсіру бойынша үздік асыл тұқымды шаруашылық» аталымы бойынша 1500 бас «Әулиекөл» асыл тұқымды ірі қара өсіріп, әр 100 аналықтан 95 бұзау алып, облыс шаруашылықтарына 150 басқа дейін асыл тұқымды мал сатқан Нұра ауданының «Қайнар» ЖШС үздік деп танылды. Ал, «Қой өсіру бойынша үздік асыл тұқымды шаруашылық» аталымы 13500 бас «Сарыарқа» асыл тұқымды қойын өсіріп, әр 100 аналықтан 100 қозы алып, жылына 300 басқа дейін асыл тұқымды қой сатқан Жаңаарқа ауданының «Жеңіс» ЖШС бұйырды. Ұлытау ауданының «Айханов А.» ШҚ «Үздік ет экспорттаушы» аталымын иеленді. Шаруашылық биыл экспортқа әрқайсысы 450 келі тартатын 74 тонна ет өткізген.

«АӨК цифрландыру көшбасшысы» аталымы Осакаров ауданынның «Найдоровское» ЖШС бұйырды. «2019 жылғы үздік астық шаруашылығы» да осы ауданда. «Шоқай» ЖШС 9,5 мың гектар жерден барлық агротехнологиялық нормаларды сақтай отырып, гектарынан 15-18 центерден өнім алған. Сондай-ақ, «Сүт өндіру бойынша үздік шаруашылық» аталымын иеленген «Садовое» ЖШС да Осакаров жерінде.

Ал, Абай ауданының «Поливное» ШҚ гектарынан 408 центнер өнім алып, «Үздік көкөніс шаруашылығы кәсіпорны» аталымына лайық деп танылды. Жаңа цифрлық технологияларды пайдалану арқылы 700 тоннаға дейін сапалы өнім өңдеген «Волынка» ЖШС «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша үздік кәсіпорын» аталымын алды. «Үздік картоп өсіру шаруашылығы» аталымын иеленген Шет ауданыынң «Шерубай Су» ЖШС үздік технологияларды пайдалана отырып, гектарынан 300 центнер картоп өндіруге қол жеткізген. Жыл сайын 200 млн. дана жұмыртқа өндіріп, оның 20 млн. данасын экспортқа шығаратын «Құрма» ЖШС «Үздік құс фабрикасы» аталымына лайық деп танылды.

Ауыл шаруашылықтарында еңбек ететін қызметкерлер де мерекеде марапатсыз қалған жоқ. Үздік комбайншы Сергей Юрьев өзінің «Джон Дир» маркалы комбайнымен күндізгі норманы екі есе асыра орындап, бір маусымда 1 500 тонна астық бастырған. Ал, Абай ауданының «Қаймар» ШҚ комбайншысы Николай Манив «Картоп жинау бойынша үздік комбайншы» атанды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үш кәсіпкерге грант тапсырды. Сондай-ақ, Жастар жылы аясында 22 жастағы кәсіпкер Василий Жабяк та грант иегері атанды. 11 жасынан тракторды меңгерген ол университет бітірген соң ауылына қайта оралған. Бүгінде ол – егін және мал шаруашылығымен айналысатын серіктестіктің басшысы.

Ал, саланың үздік қызметкерлеріне облыс әкімінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің медальдары мен төсбелгілері, Ұұрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.