Руханият

Сәкен театры жүлделі оралды

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры сал-серілердің отаны Көкшетаудан олжалы оралып, Қарағанды жұртының мерейін тасытты.

Сурет: театрдың баспасөз қызметінен

Нақтырақ айтсақ, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Сәлем» халықаралық театр фестивалі өткен еді. Аталған фестивальде репертуары бай Сәкен театрының ұжымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Жуасбектің «Үйлену» музыкалық-комедиялық қойылымын сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Музыкалық-комедиялық қойылымның сахналаушы-режиссеры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов.

Комедиялық қойылымдарға арналған халықаралық театр жәрмеңкесіне Түркия, Әзербайжан елдерінің де театр ұжымдары қатысқанын атап өткен жөн. Фестиваль театр труппалары үшін барша түркі халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайту, өзара тәжірибе алмасу бағытында тың дүниеге толы болды.

Төрт күнге жалғасқан өнер мерекесінің қорытындысында қазылардың ортақ шешімімен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрына «Үздік актерлік ансамбль» аталымы бұйырды. Қазылар алқасы «Үйлену» комедиясында түрлі кейіпкерлерді сомдаған қарағандылықтардың шеберлігін, шынайылығын ерекше атап өтті.

«Үйлену» қойылымында байлық пен мансапқа қызығушылық, адалдық пен сатқындық, көреалмаушылық пен іштарлық сынды түрлі мінез-құлық көріністері ерекше бейнеленеді. Спектакльде Мадияр Койшығарин, Дина Заитова, Айдос Нұрмағамбетов, Динара Айғазинова, Әнелі Сағындықова, Тілек Аманжол, Ахай Жұмамұратов, Фарух Бегалы, Мақпал Маусымбек, Аружан Қаленова сынды актерлер жұмыла ойнап, «Үздік актерлік ансамбль» атанып отыр.

– Біз шамамыз келгенше, алдымыздағы аға буынның берген тәрбиесін ақтауға, театрдың атына кір келтірмеуге күш салып келеміз. Киелі Көкшетауда осындай мәртебеге ие болдық. Басқа театрлармен араласып, тәжірибе жинадық, – дейді Ахай Жұмамұратов.

Ал, театр актері Айдос Нұрмағанбетов басқа театрлардың да мығым дайындықпен келгенін айтты.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button