Тұлға

Сәбит Қыдырбайұлы Бексейітов

Арқа жұртшылығы тағы бір айтулы азаматынан айрылып, қара жамылды. 30 қаңтарда 70 жасқа қараған шағында белгілі ақын, жазушы, публицист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Сәбит Қыдырбайұлы БЕКСЕЙІТОВ қайтыс болды.

Сурет: Қаламгердің жеке мұрағатынан

Сәбит Бексейітов 1950 жылғы 20 ақпанда Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде қаламгер, кезінде Жаңаарқа аудандық газетінің редакторы қызметін атқарған Қыдырбай Бексейітовтің отбасында дүниеге келген.

1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін Сәбит Қыдырбайұлы Арқа өңірі баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қызметке алынады. Осындағы қаламгер ағаларынан журналистика әліпбиінен дәріс алғаннан кейін Қарағанды облыстық радиосының редакторы, Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» газетінің тілшісі, Қарағанды облыстық полиграфия басқармасында, «Офсет» өндірістік полиграфия бірлестігінде аудандық газеттердің жауапты хатшысы, шығарушы редакторы қызметтерін атқарады. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы болып тағайындалған Нұрмахан Оразбеков басылымның сапасын арттыру мақсатында көзінде оты бар жастарды, тәжірибелі журналистерді жинайды. Бұл кезде ақын ретінде танымал Сәбит Бексейітов те Оразбеков «командасына» дөп келеді. Газеттің мәдениет бөлімін басқарып, басылымның биік дәрежеге көтерілуіне өз үлесін қосады

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік тілде іс жүргізу проблемасы туындағаны мәлім. Міне, осы кезде екі тілге де жүйрік қаламгер облыстық салық инспекциясына аудармашы-редактор болып ауысады. Кейін облыстық әкімдіктің жалпы бөлімінің, одан кейін әлеуметтік сала және ішкі саясат бөлімінің бас маманы қызметін атқарып, сол жерден зейнет демалысына шығады. Зейнет жасына жетсе де, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы (аудармашысы) болып, 2019 жылға дейін еңбек етті.

Сәбит Бексейітов Алаштың дарынды әрі жаңашыл ақыны ретінде танымал. Алғашқы өлеңдері өткен ғасырдың 70-ші жылдары жергілікті басылымдарда, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жалын» алманахында басылады. Ол – «Ғасыркешу», «Күннің шалқуы», «Келешек – керемет», «Ғасырластарым», «Астана уақыты», «Назым-насыр», «Дүрия-дүние», «Шер мен зер», «Ел мен Ер», «Ел үмітін ер ақтар», «Рамазан мерген және оның әулеті» және тағы да басқа поэзиялық, прозалық жинақтардың авторы. Бір томдығы «Сарыарқа кітапханасы» сериясына енді. Көркем аудармамен шұғылданды. Тәжірибелі аудармашы ретінде «Нарықтық экономиканың орысша-қазақша қысқаша сөздігін» шығаруға қатысты.

Сәбит Қыдырбайұлы облыстың, республиканың мәдени-әдеби өміріне белсене араласты. Облыс әкімдігінің қолдауымен шыққан «100 томдық «Сарыарқа кітапханасы» сериясы редакциялық алқасының мүшесі болып, 11 томын дайындады. Жазушылар одағы съездеріне бірнеше дүркін делегат болып сайланды. Әдебиет саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін облыс әкімінің «Алтын жол» сыйлығының иегері атанды (2008 ж.), Халықаралық «Түріксой» ұйымының «Ұлы Түрік қыраны» медалімен марапатталды (2017 жыл).

Қаламдас ағамыздың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады.

Қазақстан Журналистер одағы

Қарағанды облыстық бөлімшесі,

 облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы.

Басқа материалдар

Back to top button