Рухы мықтылардың бәсекесі
2020 жылдан бастап бочча спорты аймақта қанатын кеңге жая бастады. 2023 жылы Қарағанды облысының федерациясы тіркеліп, оған облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов жетекшілік етті. Қазіргі таңда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе, осы спорт түрін кеңінен насихаттауда. Қарағандыдағы С.Сәпиев атындағы бокс орталығында осы спорт түрінен екінші мәрте облыстық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына облыстық мәслихат төрағасы арнайы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Бочча – паралимпиадалық спорт түрі. Қазіргі таңда өңірде спорттың осы түрімен 45 ерекше білім беру қажеттілігі бар жан шұғылданады. Ал, оның 14-і – ұлттық құрама командасы сапында. Биыл аймақтан 10 спортшы республикалық турнирде бақ сынайды. Ал, екі жерлесіміз Бахрейнде өтетін дүниежүзілік турнирге қатыспақ. BC3 санатында өнер көрсететін Аружан Жеңіс жақында ғана «Спорт шебері» атағын иеленді. Нұркен Кобжанов өз сөзінде осы спорт түрін насихаттау үшін жан-жақты қолдау болатынын баса айтты.
– Біздің тараптан қашанда қолдау бар. Өңірде осы спортты насихаттау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылады. Жылдан-жылға қатысушылардың қатары артып келеді. Былтыр бұл байқауға тек қарағандылықтар қатысса, биыл Саран мен Абай ауданынан келіпті. Енді Балқаш қаласы мен Бұқар жырау, Осакаров ауданы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Балалар мен ересектерді осы спорт түріне барынша баулимыз. Спорттың нәтижесінде олар тек бір-бірімен араласып қана қоймайды. Тіпті, шетел көріп, саяхаттай да алады. Бүгінде спортшылардың көрсеткіші жаман емес. Алдағы уақытта турнирлерде жеңіске жетеді деген сенімдемін, – деді ол.
Бочча спорты үш бөлімнен тұрады. Яғни, қатысушылар жекелей, топтасып және командамен бақ сынайды. Ойында жалпы 13 доп болады. Ең басты добы – ақ, «Джек болл» деп аталады. Ал, алтауы – қызыл, алтауы – көк доп. Екі түрлі доп қос қарсыласқа беріледі. Сортшылар ережеге сәйкес, әуелі ақ допты ойынға қосады. Кейін екі қарсылас қолындағы допты осы «Джек болл» добының жанына жинауы керек. Кімнің доптары «Джек боллға» жақын жатса, жеңіс – сонікі.
Боччаның халықаралық федерациясының өзіндік ережесі мен нормасы бар. Әр қатысушы үшін жеке корт сызылған. Сол корттан қатысушы шығып немесе басып кетуіне тыйым салынады. Осы спорт түрін алғаш рет аймаққа алып келген жанның бірі – Гаухар Акежанова.
– Алғаш рет осы спорт түрі Астанаға келгенде «Неге біз осыны Қарағандыда дамытпасқа?» деген ой туды. Менің ДЦП-мен ауыратын қызым бар. Күні бойы үйде отырмауы үшін бір спорттық ойын қажет болды. Қазіргі таңда жыл өткен сайын қызығушылық танытқандардың саны артып келеді. Бұл ойындағы маңыздысы тек допты лақтыру емес, стратегия. Ал, ол дегеніңіз, баланың ойлау қабілетін шыңдайды. Жалпы, бұл ойындағы сенің командаласың да, ассистентің де – ата-анаң, – деді Қарағанды облысы бойынша Қазақстан бочча федерациясы басшысының орынбасары Гаухар Акежанова.
Аружан Жеңістің осы спорт түрімен айналысып келе жатқанына екі жыл болды. Десе де, талай бәсекеде қарсыластарын сан соқтырған. Республиканың бес дүркін чемпионы. Былтыр Финляндия мен Польша мемлекетінде өткен халықаралық байқауға қатысыпты. Өкінішке қарай, жүлде бұйырмаған. Биыл тағы да Бахрейнде өтетін байқауға жолдама еншілепті. Өзі «Осы байқаудан жүлдемен ораламын» деп ниеттеніп отыр.
– Мен Аружанның қолы мен аяғымын. Менің міндетім Аружанды ойын кортына кіргізіп, алаңға қарамай әлгі құрылғыны Аружанның айтқанымен жылжытып тұрамыз. Бізге ойын алаңын көруге рұқсат жоқ. Тіпті, сөйлеуге де болмайды. Республикалық турнирлерге шықсақ, облыстық бюджеттен, шет елге жолдама иеленсек, федерация жолымызды толық төлеп береді. Гаухар Берікқызы осыдан екі жыл бұрын компьютерлік тегін курс ашқан болатын. Біз сол курсқа барып жүрдік. Сол кезде қызымның икемі, қабілеті барын көріп, бочча спортымен шұғылдануға шақырды. Ол уақытта біз бұның қандай спорт екенін білмегенбіз. Кейін қызығушылығымыз арта түсті, – деді Аружанның анасы әрі рамп операторы Ұлжан Әбдікәрімова.
Жалпы, аймақ бойынша осы спорт түріне баулитын бес топ бар. Оның екеуі – Қарағандыда болса, қалғаны Майқұдықта, Саран қаласында және Абай ауданында ашылған. Қарағандыдағы бір топ федерацияның «Саламатты болашақ» жобасы аясында жұмыс істейді. Яғни, тікелей федерация қаржыландырады-мыс. Ал, қалғандары облыстық мамандандырылған мүгедектер спорт мектебіне қарайды. Азатгүл Шапшекееваның «Саламатты болашақ» жобасының жаттықтырушысы ретінде қызмет атқарып жүргеніне көп бола қоймапты. Қазірдің өзінде группасында 11 бала бар. Осы байқауға оның алтауы бақ сынауда.
– Бізге облыс басшылығы жеке зал берген. Қазір шәкірттерімді сонда жаттықтырамын. Екі группаға бөліп, аптасына екі мәрте жаттығамыз. Өзім – математика пәні мұғалімімін. Қызым осы спорт түрімен айналысқан соң былтыр қайта даярлау курсын оқып, арнайы сертификат алдым. Әрі дене шынықтыру маманды бойынша екінші жоғары оқу орнында оқып жатырмын. Алдағы уақытта диплом қолыма тиген соң кәсіби жаттықтырушы атанамын. Шәкірттерімнің бәрі түрлі байқауға қатысып, жүлде алып жүр. Наурыз айында өтетін республикалық турнирге облысты жеңген екі спортшымды апарамын. Жалпы, бұл – логикалық ойын. Жаттығу барысында допты лақтыруды ғана емес ойын техникасын барынша жіті үйретемін, – деді Азатгүл Биболдықызы.
Биыл бочча ойынын спартакиадалық ойындар тізіміне енгізген. Нәтижесінде осы спортқа қызығушылық танытқандардың қатары артып келеді. Биыл алғаш рет елордада бочча ойынынан халықаралық деңгейдегі турнир өтпек. Осы турнирде де жерлестер ел намысын қорғайтын болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО