Құрметті облыс тұрғындары!
Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
25 жыл бұрын, 1992 жылдың 7 мамырында Жоғарғы Бас Қолбасшы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлттық Қорғаныс Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Сол уақыттан бері Отан қорғаушы күні шын мәнінде жалпыхалықтық мерекеге айналды. Бұл мереке өз еліне адал әрі абыройлы қызмет етуді мақсат тұтқандардың барлығын біріктіреді. Патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге қарсы тұруға әзір болу біздің әрқайсымыздың басты құндылықтарымыз болып қала береді.
Қазақстан әрдайым елдің қорғаныс саласын нығайтуға, заманауи және кәсіби әскер құруға ерекше мән береді.
Қазіргі күні Қорғаныс Күштерінің қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың қастерлі парызына, Қазақстан Қарулы Күштері алдыңғы буынның жасампаздығы мен даңқты жолынан нәр алатын ерліктің қуатты мектебіне айналды. Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін Қарағанды облысынан жыл сайын мыңнан астам жас әскерге шақырылады.
Шен таққан адамдар әрдайым мемлекеттің сенімді тірегі болып саналады. Олар өздерінің Отанға деген адал қызметі арқылы Қазақстанның беделін арттыруға, қуаттылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні азаматтарымыз өз елімізді ерекше мақтан тұтады!
Біздің ерекше құттықтауымыз Қорғаныс Күштерінің ардагерлеріне, қатардағы жауынгерлер мен запастағы офицерлерге арналады. Әскер қатарында болмаса да, бейбіт өмір мен өз отбасыларындағы тыныштықты сақтап, жақындарына демеу болып келе жатқан азаматтарды да мерекесімен құттықтаймыз.
Отан қорғаушылардың барлығының қызметіне сәттілік, бақыт пен амандық тілейміз!
Ерлан ҚОШАНОВ,
Қарағанды облысының әкімі.
Рысқали ӘБДІКЕРОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы.