Құрметті металлургтер!
Дәстүр бойынша осы демалыс күндері біз кәсіби мерекелеріңіз – Металлургтер күнін атап өтеміз.
Металлургтің мектебінен өткен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сіздердің қажырлы еңбектеріңізді әрдайым ерекше ескеріп, ыстық ықылас танытады.
Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалаларының металлургтері ұдайы өндіріс көлемін арттыра отырып, аймақ экономикасының дамуына орасан зор үлес қосуда. Биылғы жылдың алғашқы алты айында саланың өсімі 5,4%-ға жетті, соның ішінде, қара металлургияда – 4,7%, негізгі асыл және түсті металл өндірісінде – 5,9%.
«АрселорМиттал Теміртауда» Мемлекет басшысының жылына 6 млн.тонна болат өндіруге қатысты тапсырмасын жүзеге асыруда өндірісті дамыту және жаңғырту жалғасуда. Домна цехының жұмысын тұрақтандыру мақсатында жақында комбинатта №6 агломашина қайта жөндеу және күрделі жөндеуден өтті.
«Қазақмыс» корпорациясында» Жезқазған кен орындары қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық қайта өңдеу бойынша тәжірибелік зауыт құрылысы жүзеге асуда.
«Сары Қазына» ЖШС және Қоңырат мыс компаниясында Қоңырат кенінде қалыптасқан техногендік минералды құрылымдардан селективті экстрация және электролиз әдісімен алынатын мыс өндірісінің көлемі ұлғаюда.
«Жәйрем КБК» АҚ-на «Казцинк» компаниясы арқылы «Полиметалдар» бағдарламасына сәйкес жылдық жобалық қуаты 5 млн. тоннаға дейін жететін полиметалды кенді байыту бойынша биыл фабрика құрылысы басталады.
Металлург мамандығы қашан болсын аса құрметке ие. Өйткені, металл қорыту – ерен ерлік пен саф өнерді талап етеді.
Біздің металлургтер – саналы ғұмырының басым бөлігін сүйікті ісіне арнаған айрықша мінезді қауым. Жезқазғанда, Теміртауда, Балқаш шаһарларында металлургтер әулеті даңқты жолды жалғастырып келеді.
Осынау мерейлі мерекеде біз металлургия саласының барлық мамандарына олардың еңбектері, мамандығына деген сүйіспеншілігі мен адалдығы үшін құрмет көрсетеміз. Орталық Қазақстанның қара және түсті металлургиясын дамытуға үлес қосқан ардагерлерге, еңбек сіңірген металлургтерге алғысымыз шексіз.
Құрметті жерлестер!
Барлық металлургтерге мерекеде мықты денсаулық, бақыт, отбасына игілік, еңбекте толайым табыс, ертеңгі күнге деген сенім тілейміз. Ерен еңбектеріңізге мың алғыс!
Ерлан ҚОШАНОВ,
Қарағанды облысының әкімі.
Серғазы ӘДЕКЕНОВ,
облыстық мәслихат
хатшысының
міндетін атқарушы.