Q talks – құндылыққа негізделген
Алаштың мәңгі құндылықтарын бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру ұлттық бірегейлігімізді сақтап, болашаққа жол ашудың маңызды қадамы. Бұл міндетті орындауға әрбір адам өз үлесін қосуы қажет.

Жуырда мектебімізде «Ziatkerlik modernizasia – 23» жобасы аясында жоспарлы Q talks шарасы өтті. Озық тәжірибелерімен бөлісу мақсатында құрылған жобаға спикер ретінде қала мектептерінің жас мамандары қатысты. Білім ордасында үш жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан пікір алаңында спикерлер өз тәжірибесімен бөлісті.
Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты – қазақ елінің егемендігі мен тәуелсіздігін сақтау. Ұлы тұлғалар қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту – бүгінгі тәуелсіздігіміздің берік ұстанымы. Бұл құндылық – бүгінгі күні Жаңа Қазақстанның мемлекет ретінде нығаюының негізі. Алаш зиялылары білім мен ғылымды дамытуды ұлттың өркендеуінің басты шарты деп білді. Бүгінде мектеп оқушыларын сапалы білімге баулу – еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Осы жолғы Q talks жобасына түрткі болған негізгі тақырып – «Алаштың мәңгі құндылықтары». Спикерлер тақырып аясында ой қозғады. Шараға қатысқан жас мамандардың әрқайсысы Алаш зиялыларының идеялары туралы ой бөлісті. Ұлт тәуелсіздігі, білім, мәдениет, әділетті қоғам құру сияқты ұстанымдары мен мұраларын оқушы бойына тәжірибеде оқытудың тәсілдері мен жаңаша платформалары арқылы жүзеге асыруға болатынын сөз барысында тиек етті.
Мектеп өнерпаз оқушыларының «Қазақстан – егемен елім» атты хоры мен жас домбырашылар оркестрінің орындаған «Ер Тұран» күйі көпшілікті тәнті етті. Q talks шарасына қатысқан қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Төлеубике Байжігітова қатысқан жас мұғалімдерге сәттілік тіледі. Әдіскер Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» сөзін негізге ала отырып, адам баласы өз бойындағы адамгершілік қасиетімен өз еліне адал қызмет ете алатынын жеткізді. Шараға қатысқан барлық спикерлер қалалық білім бөлімі басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарымыз арқылы білім саласында жол көрсетер болсақ, бүгінгі білім алушыларымыз егеменді еліміздің өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп сеніммен айта аламыз. Алаш қайраткерлерінің асыл мұрасы, олардың ерен ісі кейінгі ұрпаққа қашанда өнеге болмақ.
Құндылықтарға негізделген шара өз мәнінде мазмұнды, тартымды әрі жүйелі өтті. Q talks шарасы қатысушыларға шабыт берді.
Жайран РАКИШЕВА,
№36 мектептің директоры
Қарағанды