Жаңалықтар

Прокуратура – құқықтық мемлекет тірегі

Облыста прокуратура күні аталып өтті. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен салтанатты жиында орган қызметінің қорытындысы шығарылып, сала үздіктері марапатталды.

Биыл Қазақстан прокуратурасының 30 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойымен тұспа-тұс келді. 1991 жылдың 6 желтоқсанында «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Қалыптасу мен дамудың ұзақ жолына қарамастан, прокуратураның азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қорғау, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу сияқты негізгі міндеттері өзгеріссіз қалады.

Прокуратура қызметкерлері Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосты. Азаматтар мен мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімділігі, соның салдарынан адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі сіздердің кәсіпқойлығыңызға, жоғары құзыреттілігіңізге, борышқа берілгендігіңізге байланысты болады. Қылмысқа қарсы күрес саласындағы бағдарламалық құжаттарды бірлесіп іске асыру өңірдегі қылмыстың айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысы прокуратурасының тарихы бай. Құрылған жылы – 1936 жыл. Прокуратураның халық тергеушілері қатарында атақты ұшқыш Нүркен Әбдіров болды. Бұл күні облыстық прокуратураның дамуына зор үлес қосқан ардагерлерді ерекше еске алды.

Облыстың бірінші прокуроры Баймұқанов, Ахметов, Дәуітов, Хасенов және басқа да ардагерлеріміз қуғын-сүргінге ұшырады. Біз тарихтың ұмытылмас беттерін әрдайым есте сақтаймыз, – деді Қарағанды облысының прокуроры Құсайын Игембаев.

Соғыстың басында майданға прокурорлар, оның ішінде, Кеңес Одағының Батырлары Әбдіров, Ысқақов және басқалар да кетті. Бүгін осы залда біздің ардагерлеріміз бар. Көптеген жылдар бойы еліне лайықты қызмет етті. Іс-шара барысында сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ведомстволық наградалар, сондай-ақ, облыс әкімінің, облыстық соттың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құрмет грамоталары табыс етілді.

Биыл бірнеше мерейтой қатар келді. Оның ішінде, Қарағанды облысы прокуратурасының құрылғанына – 85 жыл. Бүгінгі таңда прокуратура органдары – бұл функциялары Қазақстан Республикасының Конституциясымен айқындалған құқық қорғау органдарының өзегі. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! – деп Қарағанды облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры, тәуелсіздік құрдасы Нұрсұлтан Қалдырбай.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button