Ақтоғай

Проблема – баршылық, жетістік те жеткілікті

Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат ӘБЕУОВА Сарышаған кентіне жұмыс сапарымен барып, кент тұрғындарымен кездесті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Атқарушы орган алдына келген адамның кез келген мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Бізді қуантатыны, айтылған сөз бүгінде жер-жерлерде іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Бұл кездесу сол тапсырманың іске асуының дәлелі болды.

Санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген жиынға Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Кендай Ахметов, аудан әкімінің орынбасарлары, кенттегі мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Басқосуда жыл басынан бері Сарышаған елдімекенінде атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы межелі міндеттер тілге тиек етілді. Бұдан бөлек, аудан басшысы Салтанат Әбеуова кенттегі шағын және орта бизнес, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жастар саясаты салаларындағы оң нәтижелер туралы сөз қозғады.

Аудан әкімінің айтуынша, үстіміздегі жылы бес балалар ойын алаңын салуға 15 млн. 710 мың теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 27 млн. 222 мың теңгеге хоккей корты салынып, Балқаш, Бәйтерек көшесіне жарық шамдарын орнатуға 16 млн. 140 мың теңге қаржы қаралған.

Тұрғындар кездесуде ауылдың абаттандырылуы, санитарлық тазалық сынды көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Жолданған өтініш-тілектердің дені – жалпыға ортақ, қоғамдық маңызға ие толғақты мәселелер. Кейбірі бұрыннан билік назарында жүрген өзекті түйткілдер. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы көтерілген сұрақ-сауалдарға тиісті жауап берді.

Сондай-ақ, аудан әкімі бұл күні кент тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Думан ҚАБЫЛ,

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button