Президент: Тарих өкпе-ренішпен емес, шынайы көзқараспен жазылуы керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихқа қатысты маңызды пікір білдірді. Ол тарихи деректерді бұрмалап, күмәнді мәліметтер арқылы қоғамның өткенге деген көзқарасына әсер етудің дұрыс емес екенін айтты.

Президенттің сөзінше, Қазақстан тарихын тек қасірет пен қиындықтар арқылы сипаттауға болмайды. Ұлт тарихында қайғылы кезеңдермен қатар, елдің жарқын жеңістері мен жетістіктері де бар.
«Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді.
Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз.
Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды.
Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ.
Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды.
Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние.
Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын», – деді Президент.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz


