Ресми

Президент ұстанымы: келешекке карт-бланш

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау төріндегі Ұлттық Құрылтайда жалпыұлттық мәселелерге төтесінен қозғау салды. Тәу етер Тәуелсіздігіміз қайтып баянды болмақ? Атамекеніміздің ұлан-ғайыр атырабын қалай гүлдендіре аламыз? Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ымыралы болсын десек, қандай қарекет қылмақ керек? Әділет салтанат құратын қайырымды қоғамда ғана мана біз айтқан ұлық мүдде мінберіне көтерілмек.

Сурет: Aqorda

αПрезидент Құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз», – деді. Бұл ұстаным елдің еңсесін көтеріп қана қоймай, көкжиегінде менмұндалап тұрған күнін көркем ету үшін бағытталған ишара сөз.

Қоғам сұлбасын мүсіндейтін – адамның өзі. Сондықтан, әр азаматымыздың тұла бойында ертеңгі күнге деген мызғымас сенім мен серпіліс оянуы керектігі – айдан көркем, күннен жарық ақиқат. Осы Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы әр адамның көкірегіне мықтап шөгерлік мәні терең ұстаным легін ұсынды. Қос қолымызға келешектің карт-бланшын ұстатты десек те жарасады. Енді біз осы нәрлі ойларды әрмен қарай жаратып-тарататын қайрат тапсақ дейміз.

Мәселен, археология саласына қатысты заңнаманы жетілдіру тұсын алалық. Өзіміз тарихшы болғандықтан, бұл проблеманы тереңірек түсінеміз. Әсіресе, «қарақшы-археологтардың» жайы кесе-көлденең тұр. Бұл бағытта салалық ведомство арасындағы үйлестіру ісін қолға алу маңызды.

Мәдениет ошағының өкілі болған соң ба, Президенттің кітапхана ісін жаңғырту һақындағы бастамасы көңілімді ерекше толқытты.

– Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған Құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ, оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан, кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, – деп қадап айтты Мемлекет басшысы.

Веб-кеңістікке ықтияр болған бүгінгі жасөспірімдердің кескін-келбетін бәріміз көріп жүрміз. Телефонға шұқшиямыз деп балаларымыз пікір айтудың шебері болмай қалды. Бұл – кәдімгідей, шынымен, ұлт болып ойланатын түйткіл. Алақандай экранға телміреміз деп перзенттеріміздің омыртқасы қисайды. Тілі сақау қалыпқа енді. Һәм озық ойдың жетегіне ере алмай қалды. Мәселе ме? Мәселе! Қала тұрмақ әр ауылдың іргесін кітапханаға, әр қойшының қойны-қонышын кітап пен газетке сықа толтыру арқылы мәдениетімізді өркендетеміз! Денімізді де, елімізді де түзейміз! Бұл Ұлттық Құрылтайда көтерілген жайттардың бір парасы ғана. Сондықтан, әлем көшіне ілесе аларлық керегелі жұрт боламыз десек, осы қаузалған дүниелерден оң нәтиже шығару қажет деп ойлаймыз!

Ержан НҰРМАҒАНБЕТОВ,
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button