Спорт

Паралимпиада ойындарына аттанды

Парижде өткен ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында отандастарымыз жеті медаль еншілеген еді. Өкінішке қарай, қарағандылықтар жеңіс тұғырынан көріне алмады. Алайда, 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Франция астанасында XVII Паралимпиада ойындары өтеді. Ұлттық құрама Парижге аттанып та кетті. Олардың арасындағы қарағандылық паралимпиадашылар Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосова қоржынға медаль салады деп үміттенеміз.

Сурет облыстық әкімдік сайтынан

Төрт жылдықтың басты додасында жарыстар спорттың 23 түрінен өтеді. Ұлттық құрамада 33 лицензия бар. Ұлттық құрама сапында 44 паралимпиадашы болса, олар параатлетика, парапау­эрлифтинг, паратаэквондо, пара-үстел теннисі, паражүзу, парадзюдо, каноэ, пара-отырып ойнайтын волейбол, параоқ ату сынды тоғыз спорт түрінен бақ сынып, ел намысын қорғайды.

Ел спортшылары Паралимпиада ойындарына осымен сегізінші рет қатысқалы отыр. 1996 жылдан қазіргі уақытқа дейін олар Жазғы Паралимпиада ойындарында 7 медаль (2 алтын, 4 күміс және 1 қола) жеңіп алған.

Параатлетикадан (ядро лақтыру) еліміздің намысын қорғайтын Дастан Мұқашбеков жарысқа мығым дайындалғанын айтады. Дастанның өнерін 4 қыркүйекте отандық арналар көрсетеді.

Бұл Дастанның Паралимпиадаға екінші рет қатысуы. 2021 жылы Токиода алтыншы орынға тұрақтаған. Былтыр Парижде өткен Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, Паралимпиадаға лицензия ұтып алған-тын.

– Жазғы Олимпиаданы көрдім. Оқу-жаттығулар арасындағы үзілісте қазақ спортшыларын қолдадым. Елдос Сметовтің жеңісіне қатты қуандым. Күміс жүлдегер Демеу Жадраевпен оқу-жаттығу жиынында кездескенмін. Ол – өте еңбекқор спортшы. Паралимпиада ойындарына дайындығым жақсы. Барымды салып, қарағандылық жанкүйерлерді қуантқым келеді, – дейді Д.Мұқашбеков.

Биылғы Паралимпиадаға ең көп лицензияны дзюдошылар жеңіп алды. Парадзюдодан 10 спортшымыз өнер көрсетеді. Олардың арасында қарағандылық парадзюдо шебері Даяна Федосова бар.
Даяна Федосова Азия чемпионатында алтын, әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған. Оның бірінші жекпе-жегі 6 қыркүйекте өтеді.

– Даяна жауапкершілігі мол, қырағы спортшы. Турнирде осал қарсылас болмайтыны анық. Басты бәсекелесіміз – Жапония, Өзбекстан және Қытай спортшылары, – дейді Даянаның жеке жаттықтырушысы Қанат Сағындық.

Жиырма үш жасар Д.Федосова Токиодағы Паралимпиадаға қатысқан. Көптеген турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері. Парадзюдодан 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиадалық рейтингте үшінші орында тұр.

– Дзюдо – қазіргі таңда ең танымал және ең көп сұранысқа ие спорт түрі. Елімізде де жақсы дамып келеді. Мәселен, Жазғы Олимпиада ойындарында жерлестеріміз Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев ел қоржынына алтын және қола медаль салып, мерейімізді тасытқан еді. Мен де сол ағаларымның жеңісті жолын жалғап, Париждегі Жазғы Паралимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп, алтын медаль алғым келеді. Ол үшін барымды саламын, – деп атап өтті Даяна Федосова.

Жазғы Паралимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Отандастарымыз жеңіс тұғырына көтеріледі деп сенеміз!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button