Жаңалықтар

Отанның да, отбасының да тірегі

Отан қорғаушылар күні – ерлік пен елдік рухты асқақтататын айрықша мереке. Бұл күн – әскери киім киген әр азаматтың маңдай тері мен адал қызметіне көрсетілген құрмет. Әсіресе, ел тыныштығын күзетіп жүрген офицерлердің еңбегі ерекше. Олардың әр күні тәртіпке, жауапкершілікке және Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы. Осындай абыройлы жолды таңдаған жандардың бірі – подполковник Мақсат Мұқаев.

Сурет «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 6505 әскери бөлімінен

Офицердің өмірі сырт көзге қатал тәртіп пен нақты бұйрықтардан тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда, оның әр жағында үлкен жүрек, елге деген адалдық және адам тағдырына деген жауапкершілік жатыр. Бұл – тек мамандық емес, бұл – өмірлік ұстаным.

Мақсат Бекжанұлы – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласының тумасы. Бала күнінен әскери адам болуды армандаған ол өз мақсатына нық қадаммен жетті. 2007 жылы Петропавл қаласындағы Ішкі әскер әскери институтына оқуға түсіп, 2011 жылы оны үздік, «Алтын белгімен» тәмамдайды. Бұл – тек білімнің ғана емес, тәртіп пен табандылықтың нәтижесі еді.

Жас офицер еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысындағы 5511 әскери бөлімінде бастайды. Алғашқы күннен-ақ ол өзін талапшыл, жауапкершілігі жоғары маман ретінде көрсете білген. Кейін Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы болып тағайындалады.

Бүгінде ол Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде бригада командирінің тәрбие және құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Мыңнан астам сарбаз бен келісімшарт бойынша қызмет ететін жүздеген әскери қызметшілердің тәртібі мен рухани жағдайы – оның тікелей жауапкершілігінде.

Офицердің бір күні таңғы 6:00-де басталады. Бұл – тек әдет емес, бұл – өмір салты. Таңғы жүгіру, дене жаттығулары күннің сергек басталуына жол ашады. Ал, одан кейін бірден тәртіпке негізделген қызмет басталады.

Әскери бөлімдегі күн тәртібі қатаң жоспарланған. Ең алдымен рота командирлерінің орынбасарларынан өткен тәуліктегі жұмыстар туралы баянат қабылданады. Әрбір деталь назардан тыс қалмайды. Себебі, әскерде «ұсақ-түйек шаруа» деген ұғым жоқ.

Келесі кезең – жоғары басшылыққа есеп беру. Бұл – тек формалды рәсім емес, сенім мен жауапкершіліктің көрінісі. Одан кейін қызметтік жиналыс өтіп, күннің негізгі тапсырмалары нақтыланады. Осылайша қызу жұмысқа толы офицердің күні басталып кетеді. Дегенмен, әскери өмір әрдайым жоспар бойынша өте бермейді. Күтпеген жағдайлар да жиі кездеседі. Мысалы, 2022 жылы түн ортасында түскен дабыл – соның бір дәлелі. Қостанай облысында орман өрті тұтанып, әскери бөлім шұғыл түрде көмекке аттанады. Түнгі 12:00-де басталған бұл сапар – офицерлердің кез келген тосын оқиғаға әрдайым дайын болатынын көрсетеді. Офицердің қызметі қатаң тәртіпке негізделген. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Әскерде темірдей тәртіп болуы тиіс» екенін атап өткен. Мақсат Бекжанұлы осы қағиданы берік ұстанады.

Сонымен қатар, әскери өмір тек қаталдықтан тұрмайды. Күнделікті қызмет барысында әзіл-қалжың да орын алады. Әртүрлі өңірден жиналған сарбаздардың арасында қызықты сәттер жиі кездеседі. Демалыс күндері мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Көңілді тапқырлар ойындары, театрға бару – сарбаздардың рухын көтерудің бір жолы. Бұл тәрбие жұмысының да маңызды бөлігі.

Офицер үшін ең басты міндет – сарбаздарды тек әскери тұрғыда ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да тәрбиелеу. Оларды нағыз патриот етіп қалыптастыру – басты мақсат.

Алайда, мұндай жауапкершілік үлкен құрбандықты талап етеді. Офицердің жеке өмірі көбіне қызметтің көлеңкесінде қалып жатады. Мақсат Бекжанұлының айтуынша, 20 жылдық әскери қызметінде той-томалаққа қатысуға мүмкіндік болмаған.

Оның бір күнінің 13 сағаты қызметте өтеді. Таңғы 7:00-де жұмысқа кетіп, кешкі 20:00-де үйге оралады. Қалған аз уақытты отбасына арнайды.

Үш баланың әкесі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Әке ретінде олардың болашағына бейжай қарамайды. Егер ұлдары әскери жолды таңдаса, қарсы емес. Бірақ ең бастысы – таңдау өздерінде.
– Отбасы – офицер үшін ең үлкен тірек. Әсіресе, жұбайымның қолдауы ерекше. Офицердің жары болу оңай емес. Соған қарамастан, жұбайым жұмыс істеп, әрі балаларды тәрбиелеп үлгеріп отыр. Бұл – көзге көрінбейтін үлкен еңбек.

Отбасылық дәстүр де бар. Аптасына бір рет үйде бірігіп кино көру, табиғатқа шығып, балық аулау – біздің шағын бақытымыз, – дейді подполковник.

Мақсат Бекжанұлы қабылданған әскери реформаларға да өзіндік көзқарасын жиі білдіріп тұрады. Оның айтуынша, соңғы жылдары әскерде оң өзгерістер бар. Техника жаңарып, әлеуметтік жағдай жақсарып келеді. Алайда, шешімін күтетін мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, идеологиялық жұмыстың әлсіздігі алаңдатады.

– Сарбаздар арасындағы тәрбие жұмысының рөлін күшейту қажет. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің жалақы мәселесі де өзекті. Төмен жалақы – кадрлардың қызметтен кетуіне себеп болып отыр. Соңғы үш жылда 18 мыңға жуық әскери қызметші қызметтен кеткен. Бұл тек статистика емес, нақты мәселеге айналды.

Офицер – тек бұйрық беруші емес, ол – тәрбиеші, психолог, көшбасшы. Оның әрбір шешімі – жүздеген адамның тағдырына әсер етеді. Сондықтан офицер болу – үлкен жауапкершілік. Бұл жолды тек жүрегі мықты, рухы берік жандар ғана таңдай алады, – дейді ол.

Мақсат Бекжанұлының өмірі – жас сарбаздарға үлгі. Отан қорғаушылар күні – осындай азаматтарға алғыс айтатын күн. Олардың еңбегі – ел тыныштығының кепілі болса, өмірі – ерліктің шынайы бейнесі.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button