Ақтоғай

Қос субұрқақ – қос қуаныш

Ақтоғай жылдан жылға жасанып, көз тоятын шағын сквер-саябақтармен ажары артып келеді. Өткен жылы реконструкциясы қолға алынған Ж.Шайдаров саябағының жұмысы қарқынды, қызу жүріп жатыр.

Салтанатты түрде ашылмай жатқан себебі белгісіз. Таяуда Ақтоғай ауылының орталығында қос бірдей әсем субұрқақтың жұмысы аяқталып, ел игілігіне асты. Әсіресе, аудандық мәдениет үйінің алдындағы көкке ұмтылған биік фонтан балалардың күнделікті қызыға тамашалайтын орнына айналды. Оның да өзіндік себебі бар. Тап сол мәдениет үйінің алдында балалар алаңы орналасқан.

Кешкілік ауыл балалары ата-аналарымен сол араға келіп, асыр салып, әдеттегідей ойынға кіріседі. Ата-аналары таза ауа жұтып, өзара шүйіркелесіп, бір мезгіл күйбеңі көп үй шаруасын ұмытып, дем алады.

Қос фонтан да эстетикалық жоғарғы талғаммен салынған.

Сондай-ақ, бос жерлерге жасанды көгал төселіп, алаңның өңі кіріп қалған. «Ақтоғай ауылын көркейту бағытында қолға алынған өзге де жоспар-жобалар жаз аяғына дейін аяқталып, ел игілігіне асады», – дейді ауыл әкімі Қайыр Болғанбаев.

Иә, мемлекет тарапы ауылды қолдау мақсатында түрлі әлеуметтік жобалар аясында қыруар қаржы бөліп отыр. Сол қаржыны шашау шығармай мақсатты түрде пайдаланып, осылай ел кәдесіне жаратса, біздің де, елдің де көңілі жай.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button