Қос отбасыға пәтер сыйлады
Бүгін Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Илья Ильин бастаған Астана қаласындағы “Gentlemen’s Club” мүшелері Абай ауданының Южный және Қарабас кенттеріне барып, өздері жинаған ақшаға көпбалалы қос отбасыға сатып алған пәтерлердің кілтін табыс етті.
Илья Ильин айтқандай, құрамында 500-дей спортшылар, артистер, кәсіпкерлер бар бұл клуб осындай қайырымдылық істерімен де айналысып, оған қатысушылар бұл жолғы екікүндік сапарында Қарағанды, Павлодар облыстарында болып, аз да болса тұрғын үйге мұқтаж адамдардың мәселесін шешуді көздеген екен.
Міне, жерлестері Серік Сәпиевтің қалауы арқасында 3 бөлмелі пәтерге ие болған южныйлық Светлана Таймұқанова ерімен бірге 7 баланы өсіріп отырса, Қарабас кентінің тұрғыны Бағила Ұзақова жалғыз өзі 6 бүлдіршінді тәрбиелеуде. Оған да 4 бөлмелі жайлы баспана бұйырып, көл-көсір қуанышқа кенелді.
Ержан ИМАШ
Абай ауданы