Білім

Орта білімдегі оң қадам

Биылдан бастап аттестаттаудан өтпеген педагогтерге тестілеу­ден қайта өтуге мүмкіндік беріледі. Осы және өзге де білім беру саласындағы өзекті мәселелер жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова айтты.

1-сыныпқа құжат қабылдау сәуірден басталды

Соңғы уақытта мектепке дейінгі білім беру саласында балаларды қанша жасынан балабақшадан шығару керектігі жөнінде сұрақтар туындаған. Жаңа талаптар бойынша 1-сыныпқа 6 жасқа толған балалар қабылданады. Бұған дейін балалардың мектепке қабылдау жасы 1 қыркүйекке ескерілген болатын.

– 2023 жылы бала 6 жасқа толса, онда ол мектепке дейінгі дайындықты аяқтағаннан кейін 1-сыныпқа қабылдануы керек.

Мектепалды даярлық мiндеттi және отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады, – деді басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова.

Сонымен қатар, мамыр айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы балабақша жасындағы барлық баланы тегін тамақтандыру жоспарлануда.

Оқу жылының басында мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметін жаңа стандарт бойынша жүзеге асырып келеді. Яғни, тәрбиешілер сабақты ойын әрекеті арқылы өткізеді. Бұл бағдарлама әр баланың ерекшелігіне бағытталған және сабақ уақыты шектелмейді.

Бұған қоса, аймақтағы білім беру жүйесіндегі тағы бір өзгеріс – балаларды бірінші сыныпқа қабылдау сәуір айынан басталып, 1 тамызда аяқталатыны бұған дейін де хабарланған болатын. Қабылдау электронды форматта жүзеге асырылуда. Құжаттарды e.bilimal.kz және egov.kz электронды үкіметі арқылы тапсыруға болады. Баласын мектепке беретін ата-аналар үшін 4 құжат қажет: ата-анасының (немесе оларды алмастыратын адамдардың) өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, «Бала денсаулығы пас­п­орты» және 3х4 екі фотосурет.

 

ҰБТ-ға информатика пәні қосылды

Оқу жылы да аяқталып қалды. Биылғы оқу жүйесіндегі ерекшеліктің бірі – соңғы қоңыраудың 31 мамырда соғылатыны. Осыған қатысты қаншама дау туғанымен, оқушылар 1 маусымнан бастап жазғы демалысқа шығатын болды. Қазіргі уақытта қорытынды аттестацияға дайындық жұмыс­тары жүргізіліп жатыр.

Өңір мектептерінде 11-сыныпты 7 мыңнан астам, 9-сыныпты 15 мыңнан астам оқушы аяқтайды. Аймақта «Алтын белгіге» үміткер 147 түлек, ал үздік аттестатқа үміткер 412 түлек бар. 9-сынып бойынша үздік аттестатқа үміткер 891 оқушы оқу бітіреді.

– Қорытынды аттестаттау мерзімі 9-10 сынып оқушылары үшін биыл 2 маусымнан 13 маусымға дейін жалғасады және төрт пәннен емтихан тапсырады. Ал 11-12 сынып оқушыларына 5 мау­сым мен 19 маусым аралығында өткізіліп, бес пәннен емтихан алынады. Оқушылар ауызша, жазбаша және тест түрінде емтихан тапсырады. Қорытынды емтихан бойынша материалдар 25 мамыр­ға дейін барлық білім бөлімдеріне жеткізіледі, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Ұлттық бірыңғай тестілеу­ге келетін болсақ, өзгерістер бар екені белгілі, яғни осы оқу жылынан бастап, оқушылар тес­тілеуді бес рет тапсырады. Білім беру грантын тағайындау конкурсына тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізіледі. Оның нәтижелері жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылдау кезінде есепке алынатынын айтты басқарма басшысы.

Ал, қатысу туралы өтініштер 28 сәуірден 14 мамырға дейін Ұлттық тестілеу сайтында қабылданады.

ҰБТ Қарағанды және Балқаш қалаларында орналасқан жергілікті тестілеу орталықтарында өтеді.

– Биылғы оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ-ның бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енген. Оқушылар «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» бойынша мамандықтарды таңдайтын болса, ҰБТ-ны «Математика-информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Информатика 35 тест тапсырмасынан тұрады. 45 ұпай ең жоғарғы балл болып саналады, – деді басқарма басшысы.

 

Үш оқушылар сарайы салынады

Өңірде қосымша білім беруді жүзеге асыратын 96 ұйым бар. Биыл қосымша білім берумен қамту 80 пайызды құраған. Басқарма басшысының айтуынша, 2027 жылға дейін Қарағандыда (Майқұдық және Пришах­тинскіде) және Теміртау қаласында Оқушылар сарайы салынады.

Қосымша білім беру ұйымдарының көп­шілігі бюджет қаражаты есебінен тегін қызмет көрсетеді. Тек музыкалық және көркемдік бағыттағы үйірмелер ақылы қызмет (1000 тг мен 3000 тг аралығы) көрсететіні айтылды. Ал, жазғы кезеңде барлық қосымша білім беру ұйымдары жеке кесте бойынша жұмыс істейді.

Брифингте Гүлсім Қожахметова білім беру ұйымдарында жайлы және қауіпсіз жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

Биыл 55 білім беру нысаны жөнделеді, оған 3,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, 18 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарлануда. Мектеп ғимараттарына іргелес немесе ғимарат ішінде орналасқан автономды жылу жүйелері мәселесі де ерекше бақылауда тұр. Биылдың өзінде 12 қазандықты қауіпсіз қашықтыққа көшіру жоспарлануда.

 

Педагог аттестациядан өтпесе, қайта тапсыра алады

Бүгінгі күні тестілеуді өткізуге өзгерістер енгізілді. Мұғалімдердің тестті қосымша 15-16 сәуір, 22 және 25 сәуір күндері тапсыруға мүмкіндіктері бар.

– Тестілеу кезінде жеткілікті ұпай жинай алмаған мұғалімдер 6-19 шілде аралығында қайта тест тапсыруға құқылы. Аттестаттау комиссияларының қорытындысы биыл 15 тамызда шығады. Облыс бойынша барлығы 2 мыңнан астам өтініш түсті, осыған орай сарапшылық кеңестер мен аттестаттау комиссиясының жұмысы қатар жүргізілуде. Мұғалімдер аттестаттау комиссиясының шешімін bilimal.pedatt платформасындағы жеке кабинетінен көре алады, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласы бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында түлектердің колледждерде білім алуына жергілікті бюджеттен – 8089 орын, оның ішінде медициналық мамандықтарға 389 орынға қаражат бөлінген. 9-сынып бітірген түлектер 25 маусым мен 18 тамыз аралығында, ал 11-сынып бітіргендер 25 маусым мен 20 тамыз аралығында қабылдауға құжат тапсыра алады. Педагогикалық, медициналық мамандықтарға оқуға тапсыратын түлектер үшін өтініш қабылдау маусым айының соңынан тамыз айының соңына дейін жалғасады.

Ал, ақылы негізде өтініштерді қабылдау 25 тамызда, ал кешкі және қашықтан оқытуға 20 қыркүйекте аяқталады. Өтінішті колледжге немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы негізгі талаптар тізбесіне сәйкес құжаттар пакетімен тапсыруға болады. Жұмысшыларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру конкурстан тыс негізде жүзеге асырылады.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері спикерге сауал жолдады. «Ерекше балалардың ата-аналары ПМПК-да (педагогикалық-медициналық-психологиялық кеңес) кезек өте көп деп шағымданады. Ерекше балаларды дамыту орталықтарына жолдамамен балаларын апарғанымен, ешқандай нәтиже болмайтынын айтып жатады. Ондай орталықтарда дефектолог мамандар біліктілікті арттыру курстарынан өтпей ме әлде маман тапшы ма» деген редакция тілшісінің сауалына басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова:

«Ата-аналар балаларын ПМПК-ға әкелу үшін арнайы электронды платформа бойынша кезекке тұрады. Біздің бақылауымызша, қазір кезекте 200-300-дей бала тұр. Бұрын мыңға дейін жететін. Былтыр Қарағандыда тағы бір ПМПК және аутизм орталығы ашылды. Бұл кезектегі балалар санын азайтуға мүмкіндік берді. Майқұдықта осындай бір орталық ашу жоспарда бар. Бұл мәселе біздің бақылауымызда. Биыл Саран қаласында коррекциялық кабинет өз жұмысын бастайды. 2025 жылға дейін әрбір қалада осындай орталықты ашу жоспарымызда бар. Біліктілікті арттыру курстарын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті өткізеді, республика бойынша арнайы орталықтардан мамандар келіп, дәріс оқиды. Жұмыс жасайтын әрбір маман, педагог бес жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан өтуге міндетті. Педагогтердің бәрі жоспарлы түрде курстардан өтіп жатыр», – деп жауап берді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button