Орманды өрттен қорғайық!

Орманшылар үшін табиғаттың тазалығы аса маңызды. Жаз айларында орман-тоғайда өрттің шығуы жиі кездеседі. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында орманшылық бойынша өрт қауіпсіздігі маусымын өткізу жоспары белгіленді.

Ақтоғай ауданында орманды өрттен қорғау бойынша тәжірибелік оқулар жиі өтіп тұрады.

Жалпы, орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ақтоғай шаруашылығы мекемесінің Қызыларай орманшылығында 25 116 гектар орман қоры бекітілген. Осы ретте, аудандағы әрбір орманшы өрт сөндіруге арналған құралдар әзірлеп қойды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қызыларай орман шаруашылығында орманды күтіп-баптау жұмыстарының сапасы артып, тұқымбақтар іске қосылды. Ауыл тұрғындарының, қаладан келген қонақтардың далада заңсыз ағаш кесу, орман заңдылығын бұзу әрекеттері азайды. Мысалы, қоқыстарды қадағалаусыз қалдыру, демалушылар, аң аулаушылар мен малшылардың жаққан оттарын сөндірмей кетулерінен дала өртінің шығуына себеп болатын жағдайларға ескерту жасалды.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін, орман заңдылықтарын сақтау, жануарлар әлемін қорғау жөніндегі тақырыптарға бильбордтардан жасалған үгіт белгілері орнатылды. Ормандар маңайына өрт тоқтату тұрақтары жасалды.

Жасыратыны жоқ, орман өрттерінің көбісі орманда демалғысы келетін адамдардың әрекетінен және шөп шабу науқаны кезіндегі техника иелерінің жауапсыздығынан орын алады. Оның үстіне орман-тоғайларда өткен жылғы шөптер қурап, ауа райы ысып, өрт қауіптілігі орын алып жатады. Әсіресе, жеке шаруа қожалықтары көктемгі егіндіктің орнын дайындап, мал жайылымын тазартамыз деп, өткен жылдан қалған шөптерді өртейді. Осындай әрекеттерден орман өрті өршуі мүмкін екенін ескертіп өткен жөн. Демалыс орындары мен орман аумақтарына барғандар тіршілік иелеріне ұқыптылықпен қараса, экологиямыз да таза болады.

Сұлу табиғатымыздың адамзатқа берері әлі көп. Ал, ормандағы жасыл желектің қиылуына жол бермей, өрттен сақтау – орманшылардың басты міндеті. Сондай-ақ, бұл жалпыхалықтық іс болып табылады. Ендеше, табиғатымызды өрттен қорғайық.

Әнімет АХАНОВ,

Қызыларай орманшылығының орман шебері.

АҚТОҒАЙ ауданы.