Бас тақырыпРесми

Қоныс тойы көбейеді

«Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру. Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет».

 Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Кезінде тоқырап қалған тұрғын үй құрылысы қазір қарқындағанын мойындауымыз керек. Бұған дейін бұрын ертеректе салынған ескі үйлердің қуықтай болса да, пәтерін місе тұтатын тұрғындар осы күні жаңа үйлерді шекесінен шертіп алатын дәрежеде. Оның үстіне баспанаға мұқтаж жандарды қамтуды мемлекет міндетіне алып отыр. Бұл орайда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке арнайы тапсырма да берген. Қазіргі таңда қабылданған бағдарламаларға қарапайым тұрғындардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді жүктегені белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірыңғай тұрғын үй саясатын қалыптастыру жөнінде сайлауалды бағдарламасында да атап көрсеткен еді.

«Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс. Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық. Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет. Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі» деді Мемлекет басшысы Жолдауда.

Ал, Қарағанды аймағы алдағы екі жылда көпбалалы отбасыларды пәтермен қамтуды межелеп қойған. Биылғы жылдың соңына дейін жергілікті биліктің жоспарында көпбалалы отбасылардың тең жартысын қамту тұр.

Қолда бар статистикалық деректерге сүйенсек, Қарағанды облысындағы тұрғын үй қоры өткен жылмен салыстырғанда 207 мың шаршы метрге ұлғайған. Жалпы облыстағы тұрғын үйлердің ауданы 29344,3 мың шаршы метрді құраса, оның ішінде, қалалық елді мекендерге 23485,5 мың шаршы метр, ауылдық өңірлерде – 5858,8 мың шаршы метр тиесілі болып отыр.

Жан басына шаққанда баспанамен қамту орташа есепте 23,2 шаршы метр шамасында. Қалалық жерлерде бұл көрсеткіш – 23, 9 шаршы метр болса, ауылдық өңірлерде – 20,5 шаршы метр. Сөйтіп, былтырғы 2018 жылмен салыстырғанда осы жылы 207 мың шаршы метрге өскенін көрсетті деректер.

Алайда, облыс мұнымен шектеліп қалмақ емес. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Қарағанды аймағында тұрғын үй құрылысын одан әрі күшейте түсу туралы міндет қойып отыр. Осы орайда, бүгінгі таңда тұрғын үй саясаты – басты назарда. Алдағы күндері қала, аудан әкімдері келесі жылға тұрғын үй салу ісіндегі жоспарларын жария етпек. Сонда биыл көштен қалғандар келесі жылы қарқын алуы керек.

Жалпы, алдағы жылы облыс бойынша баспана көлемі 650 мың шаршы метрге ұлғаяды деп күтілуде. Мысалы, Қарағанды қаласында осы жылға 236 мың шаршы метр тұрғын үй жоспарланса, алдағы жылы бұл екі есеге көбеймекші. Сөйтіп, 400 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жанданады. Ал, облыс бойынша жыл соңына дейін 500 пәтер тапсырылады деген жоспар бар. Негізі, Қарағанды аймағы құрылыстың көлемі бойынша көш бастап тұрғанын атаған жөн.

Демек, «баспана – бұқараның бас ауруы» атауынан арылар күн алыс емес. Тұрғын үй саясатында мемлекеттік бағдарламалар көбейген сайын мүмкіндік те молайды. Ендігісі ондағы «критерийлер» аталған кедергілер кемісе, лашығы жоқ адам қалмайтын сияқты.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button